Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Алматы облысы Талғарда болған атыс пен пышақтау ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында басты айыпталушылардың бірі Равиль Сакиев оқиға барысын баяндап берді.
Оның айтуынша, 2024 жылы оқиға болған күні ол досы Нұрқияспен бірге «Эйфория» мейрамханасына барған. Сол жерде бір күн бұрын танысқан Дана және Эльмира есімді қыздарды шақырған. Біраз уақыттан кейін олардың отырысына Абзал қосылып, кешкі сағат 21:00 шамасында қыздар келген.
Кейінірек Азамат пен Шыңғыс, сондай-ақ Азаматтың ағасы Нұрбол мен Думан да мейрамханаға келіп-кеткен.
«Мейрамхана жабылар уақытта мен есептесіп, Эльмирамен бірге соңғы болып сыртқа шықтым. Қыздарды үйлеріне апаруға ниеттеніп, бәріміз Шыңғыстың көлігіне отырдық. Қала ішінде жүріп келе жатып, «Қамажай» дүкеніне тоқтадық. Ол жерде Нұрболдың біреумен ерегесіп жатқанынан хабарым болмады, – деді айыпталушы.
Көліктен түскен Равиль Сакиев күтпеген жағдайға тап болғанын айтты.
«Сол жерде Нұрқанат Ғайыпбаев маған жақындап, «Менің інім Шерзат сендердің бір балаларыңды ұрыпты» деп Дарханды көрсетті. Мен ол адамды танымайтынымды, бұл оқиғаға қатысым жоғын айттым, – деді Равиль Сакиев.
Осы сәттен бастап жанжал ушыға түскен.
«Бір кезде оқ атылды. Қараңғы жаққа қарай жүгірдім. Жерде жатқан бөтелкені алып, Нұрқанатқа «Мылтығыңды таста!» деп айқайладым. Ол тағы да атты. Мен көліктің артына тығылып, бөтелкені лақтырдым, тимеді. Кейін тағы оқтап жатқанын көріп, жүгіріп барып, мылтыққа жармастым. Сол кезде ол мылтықты тартып қалды, мен құладым… Нұрқанатты екі-үш рет тептім. Сол сәтте бір әйел адамның қатты даусы шықты. Содан кейін капюшонымды киіп, бірінші болып оқиға орнынан кеттім, – деді ол.
Сакиевтің айтуынша, біраздан кейін өзгелері де көлікке келіп отырған. Осы жерде ол тағы бір деректі сотта мәлімдеді.
«Мылтықты Абзал мен Азаматтың алдына салғанын көрдім. «777» дүкенінде көліктен түспедім. Абзал маған «Бір баланы пышақтап жібердім» деді. Кейін оның Нұрқанат екенін білдім, – деді айыпталушы.
Келесі сот отырыстары 2025 жылдың 21, 22, 23 мамырында сағат 10:00–де өтеді.
Еске сала кетсек, бүгін кәмелет жасқа толмаған Думан Ысқақтан жауап алынған болатын.
кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша өткен жылдың 4 қазанына қараған түні болған қылмысты тергеу аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.
Сот барысында прокурор оқиғаның бас-аяғы қалай болғанын айтты.
Қаржаубай Нұрымов болған оқиғаны баяндау кезінде баласы Шерзат Полат пен бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты емханаға қалай апарғанын жеткізді.
Сотта іс бойынша күдіктілердің сот залынан күліп шыққан видеосы талқыланды. Судья жағдайға байланысты тергеу жүргізілп жатқанын айтты.
Сот отырысында жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша айып тағылған Дархан Әскентайдан жауап алынды.