30 қазанда Астана халықаралық әуежайына Австралиядан 1 100 бас дорпер тұқымды қой жеткізілді. Асылтұқымды мал «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС үшін әкелінген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қойлар елдегі ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған жоба аясында сатып алынған. Жануарлар елордаға Qatar Airways Cargo әуе компаниясының Boeing 777F жүк ұшағымен жеткізілді.
Бұл – кәсіпорынның 4 мың бас ұсақ мал сатып алу жөніндегі жобасының алғашқы кезеңі. Осылайша, Австралиядан жеткізілген 1 100 қой жоспарланған көлемнің төрттен бірінен астамын құрайды.
Министрлік хабарламасында асылтұқымды мал әкелу Қазақстандағы қой шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға бағытталғаны айтылған. Дорпер тұқымы ет өнімділігімен, тез жетілуімен және әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделу қабілетімен ерекшеленеді.
Тірі жануарларды әуе көлігімен тасымалдау арнайы логистиканы, ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтауды және жануарларға тиісті жағдай жасауды қажет етеді.
Айта кетейік, 30 қазанда Австралиядан Қазақстанға тағы бір партия асылтұқымды қой жеткізілген. Солтүстік Қазақстан облысындағы «Eco Lamb» шаруашылығына 665 бас мал әкелінді. Оның ішінде 497-сі – «Австралиялық ақ» тұқымы, 168-і – дорпер тұқымды саулықтар.
Аталған жұмыстар 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып жатыр.