Такси жүргізушісі “102” нөміріне хабарласып, көлігінде үш айлық сәбиімен отырған әйелдің шұғыл медициналық көмекке мұқтаж екенін жеткізген, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, сәбидің денсаулығы нашарлаған. Ал жолдағы көлік кептелісіне байланысты медициналық мекемеге жылдам жеткізу қиын болған. Жүргізуші полиция қызметкерлерінен көмек көрсетіп, ауруханаға дейін ілесіп жүруді сұраған. Арада небәрі 30 секунд өткенде такси жүргізушісімен патрульдік полиция қызметкерлері Дархан Жұмабай мен Нұрхат Сұлтан байланысқа шыққан. Олар көліктің орналасқан жерін нақтылап, дереу көмекке ұмтылған. Жағдайдың шұғыл әрекет етуді талап ететінін түсінген тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, анасы мен сәбидің балалар ауруханасына жедел жетуіне көмектесті.
Медициналық мекемеде сәбиге қажетті дәрігерлік көмек көрсетілді. Осылайша полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен жанашырлығы сәбидің дер кезінде медициналық көмек алуына мүмкіндік берді. Полиция азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау құқық қорғау органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, тәртіп сақшыларының шұғыл жағдайларда әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін еске салады.