Қоғам

Шерзат өлімі: прокурор оқиғаның бас-аяғы қалай болғанын айтты

17:04, 17 сәуір 2025 125

2024 жылдың 3 қазанынан 4-іне қараған түні Талғар қаласында «Қамажай» дүкені маңында болған жаппай төбелес ауыр қылмысқа ұласты. Сот процесінде прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндап, 9 айыпталушыға тағылған айыптармен таныстырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оқиғаның басталуы

23:22-де мас күйдегі Дархан Әскентай «Қамажай» дүкеніне кіріп, сыра мен темекі алған. Ақысын кәмелетке толмаған танысы Әскербекке аудартқан, алайда ол тек 1 теңге аударып, чекті жіберген. Бұл кезде сатушы Нұрымовқа 1000 теңге қолма-қол берілгенімен, қарыз даулы болып қалған.

23:52-де дүкенде отырған Шерзат Полат Әскентайды әкесіне қарай айтылған балағат сөздер үшін ұрып жіберген. Нұрымов ұлын сабырға шақырып, Әскентайдан кешірім сұрап, залалды өтейтінін айтқан. Бірақ Әскентай оны елемей, досы Нұрбол Тоқтаубаевты көмекке шақырған.

Қақтығыстың өршуі

00:06-да Н.Тоқтаубаев пен Ысқақ дүкенге келіп, жағдайды сұрастырып жатқанда, Нұрымов өз бауыры Ғайыпбаевты шақырған. Ғайыпбаев келген соң інісі үшін кешірім сұрағанымен, Әскентай мен Тоқтаубаев онымен сөзге келіп қалған. Кейінірек төлем туралы түсініспеушілік шешіліп, Тоқтаубаев дүкенге қайта келіп, 1,5 мың теңге аударған.

Алайда осы сәтте Нұрымов Әскентайға пышақпен ұмтылғанымен, ұлы оны тоқтатқан.

Қару мен пышақпен қаруланған топтың келуі

Осы уақытта Нұрбол Тоқтаубаев өзінің туған бауыры Азамат Тоқтаубаев пен таныстары — Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясовтың қаладағы кафелердің бірінде отырғанын біліп, оларды «Қамажай» дүкені маңына шақырады. Белсенді әрекетке көшкен Белғожаев, Шынасыл, Сәкиев, Ілиясов және А.Тоқтаубаев өзара сөз байласып, пышақтарды дайындап, масаң күйде оқиға орнына — Белғожаев басқарған көлікпен бет алады. Олармен бірге қыздар — Нұрбекова мен Жақсыгелді де болған. Бұл топтың артынан Шынасыл жеке көлікпен — танысы Әшірбаевтың басқаруындағы автокөлікпен еріп отырған.

00:34-те. Шерзат Полаттың шақыруымен оның достары дүкен алдына жалдамалы көлікпен жетеді. Осы кезде сыра алу мақсатымен Қалиахмет, Әбдірқадір және Мұратов дүкен ішіне кіреді.

00:38-де. Белғожаев көлігімен Сәкиев, Ілиясов, А.Тоқтаубаев және қыздар — Нұрбекова мен Жақсыгелдіні дүкен алдына алып келеді. Артынан Шынасыл да жетіп, оны жеткізіп тастаған Әшірбаев оқиға орнынан кетіп қалған.

Осы уақытта дүкен алдында Шерзат Полат, оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев және достары тұрған. Қарсы тарапта — Нұрбол Тоқтаубаев, Дархан Әскентай және Ысқақ болған. Дүкен ішіне кіріп-шығып жүрген — Шерзаттың әкесі Нұрымов, ал дүкен ішінде Қалиахмет болған.

Қақтығыс Шынасылдың Шерзаттың кәмелетке толмаған досына бірінші болып соққы беруімен басталған. Төбелестің басталғанын аңғарған Шерзат Полаттың достары оқиға орнынан қашқан.

Осы кезде дүкен ішінде айқай-шуды естіген Нұрымов кассадан пышақ алып, сыртқа шықпақ болады. Бірақ Қалиахмет оны қолынан ұстап, бөгемек болған. Алайда Белғожаев дүкен есігін аяқпен теуіп, Нұрымовты қайта ішке кіргізіп жібереді. Сол сәтте дүкеннің солтүстік-батыс бұрышындағы ағаш жанынан біреу 16 калибрлі аңшылық мылтықпен қарсы топқа қарай оқ атқан. Алайда оқ ешкімге тимеген.

00:42-де. Шерзаттың анасы Бишимбиева мен әжесі Кадирова жалдамалы көлікпен оқиға орнына жетеді. Сол уақытта Шынасыл өзімен алып келген асүй пышағын пайдаланып, Шерзат пен оның ағасы Ғайыпбаевты өлтіру ниетімен әрекет еткен. Шынасыл кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың сол жақ жүрек тұсына ас пышағын сұғып алады.

Осы сәтте Сәкиев Ғайыпбаевқа әуелі бөтелке лақтырған, бірақ ол тимеген, кейін қолмен және басқа құралдармен ұрған. Қалиахмет те Ғайыпбаевты ұруға тырысқан. А.Тоқтаубаев пен Ілиясов оған бірнеше рет пышақ сермегенімен, соққылар өтпеген. Дүкен ішінен шығып келе жатқан Нұрымовты сотталушылардың бірі бөтелкемен бетінен ұрып жібереді.

Дәл осы уақытта дүкенге қарай келе жатқан Шерзаттың әжесі Кадированы Шынасыл итеріп құлатқан. Артынша баласына жетпек болған Бишимбиеваны Шынасыл мен Ілиясов қолынан ұстап, жібермей қойған.

Сол кезде Ғайыпбаев інісінің «Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды» деген дауысын естіп, оған жүгіріп барған. Жарақатты көріп, «Скорая» деп көмек шақырған.

Осы сәтте анасы Бишимбиева баласына жетіп, оны құшақтап отырған кезде Белғожаев еш нәрсеге қарамай, Полатты басынан теуіп, бәкі пышағының сабымен бірнеше рет соққы жасаған. Ілиясов болса жерде жатқан аңшылық мылтықты алып, оның сабымен Шерзатты ұруға тырысып, соққының бірін анасына тигізген.

Онымен қоймай, Әскентай, Белғожаев, А.Тоқтаубаев, Сәкиев және Ілиясов — бәрі бірдей жерде жатқан Ғайыпбаев пен Полатты аяқ-қолдарымен аяусыз ұрып-соққан.

Оқиға немен аяқталды?

01:02–01:04 аралығы. Шынасыл Ғайыпбаевты өлтіру мақсатында оның жамбас тұсына пышақ сұғып алады. Дәл осы сәтте Сәкиев те оның оң жақ жамбасына екі рет пышақ сұққан. Осы шабуылдар салдарынан Ғайыпбаев есінен танып қалған. Шабуылдаушылар оны өлді деп ойлап, соққы жасауды тоқтатқан.

Төбелес барысында Ғайыпбаевтың телефоны жерге түсіп қалған. Құны 220 мың теңге тұратын құрылғыны А.Тоқтаубаев оқиға орнынан жасырын түрде алып кеткен.

Соңында барлық күдіктілер көлікке мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ысқақ жеке көлігімен олардың артынан ілесіп кеткен.

Қазір Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол және Азамат Тоқтаубаевтар, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру»), 293-бабы («Бұзақылық»), 188-бабы («Ұрлық») және басқа да баптар бойынша жауапқа тартылып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз