Екі күнге созылатын шара «Атакент» көрме орталығындағы «Бақшасарай» алаңында өтіп жатыр. Мұнда отандық шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылған, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Көрмеге авторлық әшекейлер, былғарыдан, киізден және керамикадан жасалған бұйымдар, ұлттық тұрмыстық заттар мен заманауи дизайнерлік жұмыстар қойылған. Сонымен қатар келушілер шеберлердің жұмыс барысын тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысып, дәстүрлі қолөнер тәсілдерін өздері де байқап көре алады.

Әр бұйымнан шебердің қолтаңбасы мен ұлттық өнердің ерекшелігі көрінеді. Жәрмеңкеде ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі әдістер мен заманауи үлгіде жасалған туындылар қатар ұсынылған. Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова қолөнердің ұлттық мәдениетті сақтаудағы және туризмді дамытудағы маңызын атап өтті.

«Әрбір қолдан жасалған бұйымның артында шебердің еңбегі, дарыны мен ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі бар. Біздің міндетіміз – осы дәстүрлерді сақтап қана қоймай, қолөнердің дамуына, жаңа нарықтарға шығуына және қала тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие болуына жағдай жасау. Осындай іс-шаралар ұлттық мәдениетіміздің байлығын танытып, ата кәсіпті жалғастырып жүрген шеберлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Ақмарал Ещанова.
Бүгінде Алматыда креативті индустрия саласында 21 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Қолөнер – осы саланың маңызды бағыттарының бірі. Ол ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, жергілікті шеберлердің кәсібін дамытуға және туристерді қазақ мәдениетімен таныстыруға мүмкіндік береді.

Жәрмеңке шеберлерге өз өнімдерін кеңінен таныстырып, сатып алушылармен тікелей байланыс орнатуға және жаңа серіктестер табуға жол ашады. Ал қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық нақыштағы ерекше бұйымдарды тамашалап, оларды тікелей авторларынан сатып ала алады. Іс-шараға Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (World Crafts Council) өкілдері де қатысуда. Бұл халықаралық тәжірибе алмасуға және қолөнер саласындағы байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

Жәрмеңке 1 қарашаға дейін жалғасады. Келушілерді авторлық бұйымдар көрмесі, қолөнер шеберлерінің жұмыс барысын көрсетуі, шеберлік сабақтары және дайын туындыларды сатып алу мүмкіндігі күтеді. Өтетін орны: «Атакент» ҚІЫО, «Бақшасарай» алаңы, Тимирязев көшесі, 42, 1-корпус. Жұмыс уақыты: 09:00–18:00. Кіру тегін.
