Қайырымдылық қорына жиналған қаражатты жымқырғаны үшін сотталған Перизат Қайрат жазасын өтеп жатқан мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа орналаспаған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz Ulysmedia.kz редакциясына сілтеме жасап.
Колонияда қандай жұмыс істейді?
Басылым Перизат Қайрат пен оның анасының колониядағы еңбек қызметі, жалақысы және мекеме ішіндегі іс-шараларға қатысуы туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сауал жолдаған.
Ведомствоның жауабында: «Қазіргі уақытта П. Қайрат мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Сауалда көрсетілген екінші адам жұмысқа тартылмаған», – деп жазылған.
Комитет сотталғандардың жалақысы, тәртібі және мекеме ішіндегі белсенділігі туралы қосымша ақпарат бермеген. Ведомство мұндай мәліметтерді жариялауға заңмен шектеу қойылғанын түсіндірген.
Перизат Қайрат не үшін сотталды?
Еске салайық, Перизат Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қайырымдылық қоры арқылы су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина тұрғындарына көмек көрсету үшін жиналған қаражатты жымқыру ісі бойынша сотталған.
2025 жылғы шілдеде сот Перизат Қайратты 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сот олардың мүлкін тәркілеп, жәбірленушілердің пайдасына 1,582 млрд теңге өндіру туралы шешім шығарды. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.