Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сот отырысында жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша айып тағылған Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр. Ол сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабына келіспейтінін, ол кезде өзіне қысым көрсетілгенін атап өтті.
«Ол кездегі жауаптармен толық келіспеймін. 24 сағат қамалған жетеуімізге қысым келтірілді. Өзім жарақат алғаннан кейін дұрыс жауап бере алмадым. Ойымды жинақтай алмағаннан кейін, сол кезде дұрыс жауап бере алмағаннан кейін, бүгін болған оқиғаны айтып беремін деп шештім. Сол күні бізде қорғаушылар болмады. Кешке дейін телефонға түсірді, кабинеттен кабинетке тасыды. Ұрып-соғып, боқтық сөздер айтқаннан кейін. Оқиға болған жерге апаратын кезде ғана далаға шығарды. Сол кезде ғана қорғаушымды тек сыртқа шығарғанда көрдім. Сол кезде қол қойдым», – деді Дархан Әскентай.
Одан кейін сотталушы болған оқиғаның мән-жайын айтты.