Теңіздегі оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желіде ұлына қатысты жазба бөлісті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«Ауруханада жатқан сол 3–4 күнде тек Ақжолдың ғана емес, Бекет пен Никитаның да анасы болдым… Ағайын-туыстан бөлек, Ақжолдың Астанадағы группаластары, бізді бұрын-соңды танымаса да, жанашырлық танытқан жандар, тіпті аурухана қызметкерлері де сәлемдемелерін беріп, қолдан келген көмектерін аямады. Келіп жатқан тамақтың да, көңілдің де шегі болмады… Бірі тамақ әкелсе, бірі хабарласып жағдайымызды сұрап, бірі үнсіз ғана қолдауын білдіріп жатты. Әрқайсысының жасаған жақсылығы сол сәтте біз үшін баға жетпес еді. Сол күндері бір нәрсені терең түсіндім: қиындықта адамның кім екені емес, жүрегінің қандай екені көрінеді. Бізді жалғыз қалдырмаған, уайымымызды бөліскен, балаларымызға жанашырлық танытқан баршаңызға мың алғыс! Алла әрқайсыңыздың жақсылығыңызды еселеп қайтарсын! Отбасыларыңыз аман, балаларыңыздың қызығын көріп, ешқашан осындай сынаққа тап болмасаңыздар екен! Рақмет сіздерге! Жақсылықтарыңыз жүрегімізде мәңгі сақталады», – деп жазды Самал Кеуелова.
Айта кетейік, Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға бірнеше отбасыға орны толмас қайғы әкелді. Ақжол Темірхан сол оқиғадан аман қалған әскери қызметшілердің бірі.