Алматыда автотұраққа талас салдарынан болған жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Көршісімен сөзге келіп қалған 37 жастағы Данил Щетников пышақ жарақатын алып, бір аптаға жуық жансақтау бөлімінде жатқаннан кейін көз жұмды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы "КТК" телеарнасы ақпарат таратты. Оқиға 4 қазан күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Данил Щетников көршісінен көлігін ауладан алып тастауды сұраған. Алайда екі тарап келісе алмай, сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жанжал кезінде көршісі көмекке достары мен туыстарын шақырған. Көп ұзамай оқиға орнына екі көлікпен 5-6 адам келген. Солардың бірі Данилдің мойын тұсына пышақ сұққан деген болжам бар.
Марқұмның жұбайы Ирина Щетникованың сөзінше, шабуыл жасаған адам күйеуіне бірден соққы берген. Ауыр жарақат алған ер адам аулаға қарай жүгіріп, кейін құлап қалған.
Данил Щетников ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, бір аптаға жуық жансақтау бөлімінде жатқан. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Марқұмның артында сегіз жасар ұлы мен жүкті әйелі қалды. Отбасы жақын арада екінші сәбиінің дүниеге келуін күтіп отырған.
Жақындарының айтуынша, жанжал кезінде марқұмның көлігі де бүлінген. Оқиға ауладағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті оқиға болған күні ұсталып, қамауға алынған. Қазіргі уақытта Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Марқұмның туыстары мен достары істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша қаралуын және оқиғаға қатысы бар барлық адамның заң алдында жауап беруін талап етуде.
Қайғылы оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.