$ 448.45
€ 501.59
₽ 5.36

Алматыдағы РФММ-де жаппай сырқаттану: 47 оқушы ауруханаға жеткізілді

Редактор
14.10.2026, 13:26
Фото: РФМШ
Фото: РФМШ
Кейбір балалардан ішек таяқшасы табылғаны жөнінде ақпарат тарады 

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде ондаған баланың денсаулығы сыр беріп, медициналық көмекке жүгінуіне тура келді. Жіті ішек инфекциясына тән белгілер байқалған 47 оқушы инфекциялық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Бұл жағдай алдымен әлеуметтік желіде белгілі болды. 13 қазан күні кешке Threads платформасында жазба жариялаған оқушылардың жақындары мектепте балалардың жаппай ауырып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген.

Ата-аналар мен туыстардың сөзінше, сырқаттанғандардың басым бөлігі мектеп жанындағы интернатта тұрады. Кейбір балалардан ішек таяқшасы табылғаны жөнінде де ақпарат тарады. Желі қолданушыларының бірі ауруханаға жеткізілгендер саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтып, шамамен 85 оқушының медициналық мекемеге түскенін жазған. Алайда бұл сан ресми түрде расталған жоқ.

14 қазан күні Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдайға қатысты мәлімет таратты. Ресми ақпаратқа сәйкес, 12-13 қазан аралығында мектептің 47 тәрбиеленушісі ішек инфекциясының белгілерімен Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына қабылданған. Қазіргі уақытта науқастардың барлығы медицина қызметкерлерінің қадағалауында.

Сонымен қатар ауру белгілері байқалған тағы сегіз оқушы интернат аумағында өзгелерден бөлек орналастырылып, дәрігерлердің бақылауына алынған.

Оқиғадан кейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары шұғыл шаралар қабылдады. Тиісті қаулы негізінде білім беру мекемесінің, оған қарасты жатақхананың және тамақ дайындайтын ас блогының қызметі уақытша тоқтатылды.

Қазір жауапты мамандар инфекцияның таралуына не себеп болғанын анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр. Зертханалық талдауға қажетті сынамалар алынып, тиісті сараптамалар тағайындалған.

Оқушылардың жаппай сырқаттануына нақты қандай фактор әсер еткені әзірге белгісіз. Оның себебі зерттеу нәтижелері шыққаннан кейін анықталмақ. Жағдай құзырлы органдардың бақылауында.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау