$ 448.45
€ 501.59
₽ 5.36

«Не үй, не ақша жоқ»: Әнші Бақтияр Тайлақбаев 40 млн теңге жұмсаған баспанасына кіре алмай жүр

Редактор
14.10.2026, 10:20
Коллаж
Коллаж
Тұрғын үй бір жылда пайдалануға берілуі тиіс болған 

Белгілі әнші Бақтияр Тайлақбаев Алматының элиталы ауданынан пәтер сатып алмақ болып, миллиондаған теңгесінен қағылған. Өнер иесі бес жылдан бері баспанасының кілтін ала алмай жүр, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыда үш құрылыс компаниясының үлескерлері әкімдік алдына жиналып, мәселелерін шешуді талап етті. Олардың қатарында әнші Бақтияр Тайлақбаев та бар. Ол бес жыл бұрын Miras Green Technology Building компаниясының «Швейцария» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға қаржы салған. Алайда бір жылда пайдалануға берілуі тиіс үш қабатты ғимараттың құрылысы әлі аяқталмаған.

— Бұл үйге 30-40 миллиондай салдық. Мен өзім бала-шағама, қызыма үй алайын деп, сондай әрекет жасаған едім. Мінеки, 5-6 жыл болды, не үй жоқ, не шешім жоқ. Заңды салынып жатыр деп айтылды, сондай ақпарат келген, соған сендік, — деді әнші Бақтияр Тайлақбаев.

Аталған тұрғын үй кешенінен баспана күтіп жүргендердің саны 150-ге жуық. Үлескерлердің айтуынша, құрылыс компаниясына шамамен 3 миллиард теңге төленген.

Осындай жағдайға «Амадеус Хотел Групп» компаниясының 60-қа жуық үлескері де тап болған. Олар Pine Hill және Sky Club тұрғын үй кешендерінен пәтер алу үшін миллиондаған теңге құйған. Алайда бес жылдан астам уақыт өтсе де, құрылыс аяқталмаған.

Үлескерлердің бірі Серік Ахыштың ұлы баспана алу үшін «Отбасы банктен» 50 миллион теңге ипотека рәсімдеген. Бірақ алты жылдан бері не пәтерін, не ақшасын қайтара алмай жүр.

— Не үй, не ақша жоқ. Балама сондай жаным ашиды, өйткені біз үйді кепілге қойдық, сол баламызды құтқарамыз деп, — деді тағы бір үлескер Серік Ахыш.

Ал Building Service компаниясына қаржы салған кейбір тұрғындар пәтерлерін 20 жылға жуық уақыттан бері күтіп келеді. Солардың бірі — зейнеткер Нұрсұлу Тойбаева. Ол 2007 жылы «Тау-Көктем» тұрғын үй кешенінен баспана алу үшін 50 миллион теңге төлеген. Кейін кешеннің атауы «Силвер хилс» болып өзгерген. Алайда зейнеткердің сөзінше, онда басқа адамдар тұрып жатыр, ал 20-30 үлескер әлі баспанасыз.

КТК мәліметінше, аталған құрылыс компанияларының басшылары қамауда отыр. Ал Алматы қаласының құрылысын бақылау басқармасы мәселені шешу үшін инвестормен келісім жасалғанын хабарлады.

Басқарма басшысының орынбасары Көкен Жарқынбектің айтуынша, жер учаскелеріне қойылған тыйым алынып, жоғалған құжаттар қалпына келтірілгеннен кейін нысандар инвесторға беріледі. Бұдан соң инвестор үлескерлер алдындағы міндеттемелерді өз мойнына алуы тиіс.

Әзірге әнші Бақтияр Тайлақбаев пен өзге де үлескерлер баспана мәселесінің шешілуін күтуге мәжбүр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау