Қазақстандықтар жыл басынан бері заңсыз микроқаржы ұйымдарына 71 млрд теңге артық төлеген, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңнама талаптарын айналып өтіп, азаматтарға несие ұсынатын заңсыз микроқаржы ұйымдары заңды несиелеу түрінде қызмет көрсеткенімен, шын мәнінде қарыз алушыларға түрлі қосымша төлемдер мен пайыздарды, сақтандыру жарналарын міндеттеп жүктейді. Бұл әдістер арқылы олар сыйақы мөлшерлемесіне қатысты заңмен белгіленген шектеулерді айналып өтеді.
Салдарынан азаматтар өзіне жүктелген қарызды бірнеше есе көп процентпен төлеуге мәжбүр болып, қаржылық қиындыққа тап болады.
2025 жылдың басынан бері Агенттік 5 заңсыз микроқаржы ұйымының қызметін тоқтатты. Бұл ұйымдардан 300 мыңнан астам азамат зардап шеккен, олардың жалпы артық төлем сомасы 71 млрд теңгеден асқан, – делінген хабарламада.
Заңды МҚҰ микроқаржы ұйымдары «Тексерусіз» және «Барлығына беріледі» деген уәделермен жұмыс істемейтіні атап өтілді.