Шымкент қаласының Терісқей шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, 67 жастағы ер адам көз жұмды. Құтқарушылар сегіз адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде болған. Жалын төрт шаршы метр аумақты шарпып, үй ішіндегі тұрмыстық заттар жанған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тұрғындарды баспалдақ арқылы эвакуациялаған. Барлығы сегіз адам, оның ішінде бір бала қауіпсіз жерге шығарылды.
Өрт толық сөндірілгеннен кейін құтқарушылар пәтерді тексеру барысында 1959 жылы туған ер адамның денесін тапқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қазір өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қалалық ТЖД-ның Kazinform агенттігіне берген ресми түсініктемесіне сәйкес, өрт 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні болған. Әл-Фараби ауданының төтенше жағдайлар басқармасы Қылмыстық кодекстің 292-бабы 2-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркеген.
ТЖД мәліметінше, қазан айында осы үйдің тұрғындарына газ-техникалық қызмет мамандарымен бірге өрт қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.