Алматыда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға дөрекі қарым-қатынас жасалғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Осы оқиғадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бейнежазбаны жеке балабақшалардың біріне баратын баланың анасы Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған. Кадрлардан маманның баланың бетінен дөрекі ұстап, қолынан жұлқылағанын көруге болады.
Баланың анасының айтуынша, олар баласын сеніп тапсырған мекемеде оған қысым көрсетіліп, қорлық жасалған.
«Біз баламызды сеніп тапсырған жеріміз оның ренжіп, таяқ жеп, қорланып, кемсітілген орнына айналды. Менің балам – ерекше бала. Ол сөйлей алмайды, үйге келіп анасына өзіне не істегенін айтып бере алмайды. Көмек сұрап, өзін қорғай да алмайды», – деп жазды ол.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазір Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бейнематериалдарды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Сонымен қатар тексеру барысында маманның және түзету орталығы басшылығының әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
Полиция кәмелетке толмағандарға, әсіресе ерекше күтім мен қолдауды қажет ететін балаларға қатысты ықтимал заңсыз әрекеттерге ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады.