Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау және үш кәмелетке толмағанды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактілері бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, тергеу барысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында «Система» деп аталатын бейресми құрылымның әрекет еткені анықталған. Оның өзіндік иерархиясы, мінез-құлық және бағыну ережелері, сондай-ақ тәртіп бұзғандарды жазалау жүйесі болған.
Прокуратура жинақталған дәлелдер бопсалау әрекеттері мен үш кәмелетке толмағанның қазасы арасында себеп-салдарлық байланыстың бар екенін көрсететінін мәлімдеді.
Іс бойынша екі күдіктіге Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2), 3)-тармақтары (қорқытып алу) және 105-бабының 3-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша айып тағылған. Екеуі де қамауға алынған.
Тағы бес күдіктінің әрекеті қорқытып алу бабы бойынша сараланған. Оларға қатысты өзге бұлтартпау шаралары қолданылған.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта «Система» деп аталған бейресми құрылымның қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар прокурорлар құзырлы органдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, құқық бұзушылықтарға себеп болған жағдайларды жою туралы ұсыныстар енгізген. Қазір олар қаралып жатыр.
Қылмыстық іс 2026 жылғы 23 қазанда Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін хабарлады. Айыпталушылардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.