Астанада 9 қараша күні қаза тапқан екі оқушы қызға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Тұрғын үйдің ПИК төрайымы Ләйлә Кежебаева бейнебақылау камераларынан көрген жайттарды баяндады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Оның айтуынша, қыздар тұрғын үйдің кіреберісіне бірге кіріп, лифтімен 10-қабатқа көтерілген. Бейнежазбада оқушы қыздардың бірінің көңіл күйі түсіп, басын төмен салып, жылап келе жатқаны байқалады. Сондай-ақ қыздардың бірі екіншісіне қағаз парағын берген. Оның хат болуы мүмкін екені айтылған. Алайда қағазда не жазылғаны әзірге белгісіз.
Ләйлә Кежебаева бейнебақылау камераларындағы уақытты салыстыра отырып, қыздардың балконда шамамен бір жарым сағат болғанын анықтаған. Дегенмен ол осы уақыт аралығында нақты не болғанын көрмегенін айтып, оқиғаның мән-жайына қатысты кесімді пікір білдіре алмайтынын жеткізген.
ОСИ төрайымы бұған дейін оқушы қыздардың бірінің әжесімен сөйлескенін де айтты. Әйелдің сөзінше, отбасы бұған дейін Лесная Поляна елді мекенінде тұрған, ал қыздың анасы жұмыс істеу үшін шетелге кеткен.
Кежебаева жасөспірімдер буллингке немесе басқа да қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда мұны растайтын нақты дерек жоқ. Оның пікірінше, балалар кейде өз уайымын жақындарына ашып айта алмайды. Сондықтан жасөспірімдер кез келген уақытта жүгіне алатын қолжетімді психологиялық көмек орталықтарын ашу маңызды.
Еске салайық, 9 қарашада Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде қайғылы оқиға болып, екі оқушы қыз қаза тапты. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.