$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

«Мені заңсыз істерге араластырмауың керек еді» – Ұлан Нүсіпқожа Боқаевқа жауап берді

Редактор
10.11.2026, 18:55
Видеодан алынған кадр
Видеодан алынған кадр
Сот отырысы Боқаев адвокаттарының кезекті процессуалдық олқылығымен басталды

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтың сыбайласы әрі жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожадан жауап алу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Сот отырысы Боқаев адвокаттарының кезекті процессуалдық олқылығымен басталды. Қорғау тарапы Нүсіпқожаға сұрақты бірінші болып мемлекеттік айыптаушылар қоюы керек деген талап айтты. Алайда прокурор Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіндегі негізгі нормаларды еске салуға мәжбүр болды: айыпталушылардан бірінші болып қорғау тарапы жауап алуы тиіс.

Жауап алу барысында Нүсіпқожа Баум тоғайындағы ағаштардың заңсыз кесілуі туралы атышулы видеороликтің қалай түсірілгенін баяндады. Мобилографтың айтуынша, Боқаев азаматтардың өтініштерін қолдан ұйымдастырып, хабарламаларды өзіне-өзі жіберіп отырған.

Нүсіпқожаның сөзінше, 2025 жылдың қазан айында кешкі уақытта Боқаев одан өзін үйіне жеткізіп салуды сұраған. Алайда әдетте алдыңғы орындыққа отыратын ол бұл жолы артқы орындыққа жайғасқан. Жолда олар кофе алуға тоқтаған.

«Біртүрлі екен, ұйықтағысы келіп тұрған сияқты еді ғой. Жарайды, мейлі», – деп еске алды Нүсіпқожа.

Боқаав кофе ішіп отырған кезде мобилографтың жұмыс телефонына белгісіз – «түсініксіз» нөмірден хабарлама келген:

«Мен осы маңда тұратын жергілікті тұрғынмын, Баум тоғайында тұрамын. Мұнда ағаштарды кесіп жатыр, келіп кете аласыздар ма?..»

Нүсіпқожа хабарламаны оқып үлгерместен, Боқаев оны дереу өзінің жеке нөміріне жіберуді бұйырған. Мобилограф бұл хабарламаның Боқаавтың өзіне тиесілі, ресми тіркелмеген екінші телефонынан жіберілгенін түсінген.

Нүсіпқожа түнгі түсірілімге барудан бас тартқанымен, Боқаев өз дегенінен қайтпаған. Сонда мобилограф әдеттегідей Боқаевтың джипіне ауысуды ұсынған. Бірақ ол көлігінің үйінің жанында тұрғанын айтып, уақыттың тығыз екенін алға тартып, Нүсіпқожаның жеке көлігімен жүруге көндірген.

Мобилограф амалсыздан келісуге мәжбүр болған. Жол бойы Боқаев бағытты өзі айтып, жүргізушіні қайта-қайта әр жаққа бұрылуға мәжбүрлеген. Бір кезде Нүсіпқожа Боқаавқа олардың осындай нұсқаулардың кесірінен Баум тоғайына апаратын қажетті бұрылыстан өтіп кеткенін ашық айтқан.

Алайда бір мезетте Боқаев Нүсіпқожаға көліктің терезесін ашуды бұйырып, қолына бір бума ақша ұстатып, жолда күтіп тұрған адамға беруді тапсырған. Мобилографтың айтуынша, оның көлігінің терезелері ешқашан бұғатталмайтын.

«Сол кезде мен таңғалдым: Санжар бұл ақшаны неге өзі бермеді екен? Ол артқы орындықта отырды, негізі, терезені өзі де аша алар еді. Менің көлігімнің терезесі ешқашан бұғатталмайды. Есікті де өзі аша алатын еді. Мені бұл іске араластырмай-ақ, мәселені өзі шеше алар еді», – деді Нүсіпқожа.

Бұл адам бұрын Боқаевтың үйінің шатырын жөндеген, сондай-ақ бұған дейін Үлкен Алматы өзені маңындағы гранит тақталарды ұрлау оқиғасының инсценировкасына қатысқан сол баяғы жалдамалы жұмысшы Ақылбек Хамракулов болып шықты.

Жұмысшыға ақшаны бергеннен кейін Нүсіпқожа Боқаевқа олардың әлі де Баум тоғайына баруы керектігін еске салған. Алайда Боқаев кенеттен тапсырманы өзгерткен. Енді оларға жақын маңда орналасқан №20 мектепті тауып, оның ғимаратын түсіру қажет екенін айтқан. Осыдан кейін олар оқу орнын іздеген болып, ауданды біраз уақыт айналсоқтап жүріп, тоғайға баруды әдейі созған.

Содан кейін Боқаав пен Нүсіпқожа Баум тоғайына келген. Мобилограф болып жатқан әрекеттердің заңдылығына күмән келтірген кезде масаң күйдегі «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі:

«Қорықпа, бәрі дұрыс», – деп жауап берген.

Осыдан соң Боқаев біреуді көргенін айтып, қолына қуатты шам алып, тоғайдың ішіне қарай жүгіре жөнелген. Одан кейін қалып қойған Нүсіпқожа ешкімді көрмегенін де, ешқандай дыбыс естімегенін де айтқан. Соған қарамастан, Боқаев камера алдында «мұнда біреу бар екені анық» деп табандап тұрып алған.

«Мені заңсыз істерге араластырмауың керек еді» – Ұлан Нүсіпқожа Боқаевқа жауап берді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау