Танымал қазақстандық режиссер әрі актер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде отбасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Ол күйеуінің белгілі бір топтың ықпалына түскенін айтып, мұның салдары балаларына да әсер етіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ғалия Адамбай Instagram парақшасында бірнеше жазба жариялап, психолог Төребек Бекбаевтың көзқарастарын сынға алған. Әйелдің айтуынша, күйеуі әлі күнге дейін өзі «төребекшілдік» деп атайтын ағымның ықпалында жүр. Ол бұл жағдай отбасындағы қарым-қатынасқа, әсіресе балалардың тәрбиесіне кері әсер еткенін мәлімдеді.
«Секта осылай жұмыс істейді. Балалар мен әйелдер зардап шегеді. Барлық құжаттар мен мамандардың қорытындыларын ұсынамын. Оның да уақыты келеді. Әзірге мен үшін балаларым бірінші орында», – деп жазды Ғалия Адамбай.
Жұбайының сөзінше, отбасындағы негізгі келіспеушіліктердің бірі балалардың тәрбиесі мен денсаулығына қатысты туындаған.
Ғалия Адамбай үш жасар қызына тіс тазалату, балаларын дұрыс тамақтандыру және қажет кезінде дәрігерге қарату мәселесінде қиындықтарға тап болғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, күйеуі баланы өз еркінен тыс ештеңеге мәжбүрлеуге болмайды деген ұстанымды қолдайды. Әйел бұл жағдайдың бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар күйеуінің өз денсаулығына мұқият қарайтынын, дұрыс тамақтанып, қажетті дәрілерін қабылдайтынын айтып, балаларға қатысты ұстанымын түсінбейтінін білдірген.
Ғалия Адамбай алдағы уақытта айтқандарын растайтын құжаттар мен мамандар қорытындыларын жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Нұртас Адамбайдың сөздері мен әрекеттеріне жауап бермейтінін жеткізген.
Айта кетейік, Нұртас Адамбай мен Төребек Бекбаев бұған дейін Nuradam атты діни-ағартушылық жобаға бірге қатысқан. Онда дін мен рухани мәселелер талқыланған. 2026 жылдың қыркүйегінде режиссер Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында отбасындағы қиын кезең туралы айтып, бұрын діни мәселелерде тым үзілді-кесілді пікір білдіргенін мойындаған еді.