$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

Баланы 16 рет пышақтаған жасөспірім арнайы мектепке жіберілді: Алматылық отбасы әділдік талап етті

Редактор
11.11.2026, 09:33
скрин из видео
скрин из видео
Алматыда 12 жастағы баланы 16 рет пышақтаған жасөспірім жазадан құтылды ма?

Алматыда 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының өліміне қатысты іс қоғам назарын аударды. Баланы өзімен қатарлас жасөспірім 16 рет пышақтаған. Алайда күдіктінің жасы қылмыстық жауапкершілікке тартуға жетпегендіктен, іс тоқтатылған. Марқұмның отбасы мұндай шешіммен келіспей, әділдік талап етіп отыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл маусым айында Алматыдағы әскери жатақханалардың бірінде болған. Марқұмның анасы Замира Бадалованың айтуынша, екі жасөспірімнің арасындағы жанжалға екеуіне де ұнаған қыз себеп болған. Оқиға болған күні 13 жастағы оқушы Абылайханды сөйлесуге шақырған. Алайда кездесу кезінде оған пышақпен шабуыл жасаған. Ауыр жарақат алған 12 жастағы бала оқиға орнында көз жұмған.

Бастапқыда Абылайханға тоғыз рет пышақ сұғылғаны хабарланған. Алайда марқұмның жақындарының сөзінше, кейінгі сараптама баланың денесінде 16 пышақ жарақаты болғанын анықтаған. Қайғыдан қан жұтқан ана ұлының өліміне кінәлілердің барлығы жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді. Ол шабуыл кездейсоқ болмағанын, жасөспірімнің бұған алдын ала дайындалғанын алға тартты.

«Оны бала ғой деп айтып жатыр. Бірақ ол бала емес, аса қатыгездік танытқан қылмыскер. Бұл кездейсоқ болған жағдай емес, ол алдын ала дайындалған. Сондықтан бұл істе көптеген олқылық бар деп санаймыз. Оны арнайы мекемеге бір жылға орналастыру туралы шешім шығарылды. Біз бұған мүлде келіспейміз. Бір жылдың ішінде ол ештеңе түсінбейді. Осы іске қатысы бар адамдардың барлығы жазаланғанын қалаймын», – деді марқұмның анасы Замира Бадалова.

Полиция не дейді?

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, оқиға кезінде күдікті 13 жаста болған. Сондықтан ол заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Сот шешімімен жасөспірім ерекше режимдегі мамандандырылған мектеп-интернатқа орналастырылған. Ол аталған мекемеде бір жыл болады.

«Қылмыстық істің тоқтатылуы болған оқиға ешқандай салдарсыз қалды дегенді білдірмейді. Жасөспірім мен оның ата-анасына қатысты заңда көзделген шаралар қабылданды. Кәмелетке толмаған бала профилактикалық есепке алынды. Оның мінез-құлқы полицияның тұрақты бақылауында болады», – деді Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік жаза тағайындалған. Алайда Абылайханның отбасы қабылданған шараларды жеткіліксіз деп санайды. Марқұмның жақындары істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралып, қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдардың жауапкершілігі анықталғанын талап етіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау