$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

Президент ұсынды, депутаттар қолдады: Жоғарғы сотта жаңа тағайындау

Редактор
11.11.2026, 10:42
Фото: Конституциялық сот
Фото: Конституциялық сот
Президенттің ұсынысын депутаттарға Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов таныстырды

Құрылтай депутаттары Асан Қайроллаұлы Ескендіровті Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы қызметіне сайлады. Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны депутаттар бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Президенттің ұсынысын депутаттарға Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов таныстырды. Ол Асан Ескендіровтің сот жүйесінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Сіздердің қарауларыңызға Асан Қайроллаұлы Ескендіровті Жоғарғы соттың судьясы қызметіне сайлау туралы ұсыныс енгізілді. Оның сот жүйесіндегі тәжірибесі мол. 30 жылдан астам уақыт бойы соттың барлық деңгейінде жұмыс істеген», – деді Дмитрий Малахов.

Асан Ескендіров еңбек жолын аудандық соттың судьясы болып бастаған. Кейін Ақмола және Павлодар облыстарындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарды басқарған. Сондай-ақ облыстық соттың судьясы қызметін атқарып, Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жетекшілік еткен.

2016–2022 жылдары Асан Ескендіров Жоғарғы соттың судьясы болған. Одан кейін төрт жылға жуық Конституциялық сотта судья қызметін атқарған. Депутаттар оның кандидатурасын бірауыздан мақұлдап, Жоғарғы соттың судьясы етіп сайлау туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау