Қазақстанда баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Құрылтай депутаттары электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамытуға, сондай-ақ сутегі, атом энергетикасы мен қалдықтардан энергия өндіру технологияларын қолдауға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Құрылтайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, заңнамалық түзетулер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған энергетикалық жүйенің тұрақтылығын нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
Жаңа өзгерістердің бірі электр энергиясын жинақтау жүйелеріне қатысты. Атап айтқанда, мұндай жүйелердің жұмыс істеуіне және электр энергиясының көтерме нарығына қатысуына құқықтық негіз қалыптастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар энергия жинақтау жүйелерін салатын жобаларды аукцион арқылы іріктеу тетігі енгізілмек. Олардың қызмет көрсету тәртібі мен электр энергиясына қатысты тарифтерді қалыптастыру қағидалары да айқындалады.
Заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңның атауын «Баламалы энергетиканы дамыту туралы» деп өзгерту ұсынысы. Бұл өзгеріс заңның қолданылу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жаңа нормалар сутегі энергетикасын, атом энергетикасын, қалдықтарды энергия өндіруге пайдалануды, өндірістен бөлінетін жылуды кәдеге жаратуды және энергия өндірудің өзге де технологияларын қамтымақ.
Дегенмен атом энергетикасын құқықтық реттеу бұрынғыдай жеке заңнама шеңберінде сақталады. Бұдан бөлек, заңнамаға «баламалы энергетика», «жаңартылмайтын энергия көздері» және «баламалы энергетика объектілері» деген жаңа ұғымдарды енгізу жоспарланған.
Электр энергиясын жинақтау жүйелерінің операторларына да нақты талаптар қойылады. Олар жүйелердің қуаты мен сыйымдылығын аттестаттаудан өткізуге, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнатуға міндеттелмек. Заң жобасын әзірлеушілердің көздегені – еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырып, энергия өндірудің жаңа технологияларын дамытуға құқықтық жағдай жасау.
Айта кетейік, заң жобасы әзірге бірінші оқылымда ғана мақұлданды. Ұсынылған өзгерістер түпкілікті қабылданған жоқ.