Оңтүстік Корея билігі Қытайдың Temu маркетплейсін 260 мың доллардан астам айыппұл төлеуге міндеттеді. Business Korea порталының хабарлауынша, компания тұтынушыларды адастыратын жарнама таратқаны үшін айыппұл арқалаған.
2025 жылдың 11 маусымында Оңтүстік Кореяның әділ сауда жөніндегі комиссиясы Temu компаниясын бірнеше рет жалған жарнама таратқаны үшін жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарды.
Корей баспасөзінің мәліметінше, 2023 жылдың тамызынан бастап 2024 жылдың наурызына дейін ел аумағында Temu қосымшасының кері санағы бар жарнама баннері таралған. Онда көрсетілген ақпарат бойынша, кері санақ аяқталғанға дейін қосымшаны орнатқан қолданушылар жеңілдіктерге ие болатыны айтылған. Іс жүзінде, қосымшадағы бағалар орнатылған уақытқа мүлдем байланысты болмаған.
Сондай-ақ, оңтүстіккореялық реттеуші Temu ұсынған қосымша ұпай жинау жүйесін де жалған деп бағалады. Сырттай қарағанда, қолданушыларға тек виртуалды «рулетканы» айналдыру ұсынылғанымен, іс жүзінде олар қосымша әрекеттерді орындауға мәжбүр болған. Мысалы, қосымша ұпай жинау үшін қолданушы Temu қосымшасын үшінші тарапқа жүктеу сілтемелерін таратуға міндеттелген.
«Әдетте тұтынушылар мұндай акцияларға қатысуды жарнамалық хабарламаларға сүйеніп шешеді. Temu жағдайында нақты талаптарды олар тек едәуір уақыт пен күш жұмсағаннан кейін ғана білген», – деді баспасөзге Әділ сауда комиссиясының өкілі.
Бұған қоса, 2025 жылдың мамыр айының ортасында Оңтүстік Кореяның Жеке ақпаратты қорғау комиссиясы Temu маркетплейсіне шамамен бір миллион доллар айыппұл салып, жазалаған. Комиссия маркетплейсті азаматтардың жеке деректерін қорғау заңын бұзған деп таныды. Ресми мәлімдемеде Temu қолданған Оңтүстік Корея азаматтарының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу тәсілдері ел заңнамасына сәйкес еместігі айтылған.
Сонымен қатар, қосымшадан тіркеуін алып тастағысы келген пайдаланушылар жеті кезеңнен тұратын күрделі жүйеге тап болған. Комиссия өкілдері бұл азаматтардың өз құқықтарын толық пайдалануына кедергі келтіргенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстанда Temu және басқа ірі шетелдік маркетплейстерге қойылатын талаптарды қатаңдату ұсынылып жатыр. Осы жылдың басында депутат Азат Перуашев шетелдік сатушыларға салынатын салық ауыртпалығы ҚҚС сомасына қарағанда, көбінесе отандық сатушылармен салыстырғанда төмен екеніне наразылық білдірген болатын.
Ол шетелдік маркетплейстер арқылы ел аумағына арзан тауарларды бажсыз әкелу ережелерін қайта қарауды ұсынды. Депутат мұндай шара қолданылмаса, қазақстандық кәсіпкерлердің нарықтан ығыстырылуы мүмкін деп алаңдайды.