Ақмола облысының Щучинск қаласында 36 жастағы келіншектің өліміне қатысты іс қоғам назарын аударды. Марқұмның туыстары күдіктіге тағылған айыппен келіспейтінін айтып, ең қатаң жаза тағайындауды талап етті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz KTK арнасына сілтеме жасап.
Марқұм Әсемнің туған әпкесі Бақыттың айтуынша, сіңлісі бір жыл бұрын жұмыс орнында Алмаз есімді азаматпен танысып, араларында қарым-қатынас орнаған. Алайда уақыт өте келе ер адамның бірнеше рет қол көтергенін, тіпті қызғаныштан балға алып жүгірген жағдай болғанын айтты. Сол кезде әкімшілік сотта сіңлісі оны кешірген.
Кейін Әсем әлгі азаматты барлық әлеуметтік желіде бұғаттап, тіпті жұмыс орнын да ауыстырған. Бірақ әпкесінің сөзінше, бір апта бұрын олар қайта сөйлесіп, ер адам кездесуге өз пәтеріне шақырған.
Марқұмның әпкесі болған жағдайға қатысты өз пікірін былай жеткізді:
— Біз әділ тергеу болғанын және оған ең ауыр жаза берілгенін қалаймыз. Сіңілімнің басы жарылған. Самай тұсы тесілген. Беті көгеріп, қанталаған. Шашынан жұлқылағаны, азаптағаны көрініп тұр. «Неге бұлай істедің?» деп сұрағанымда, басын төмен салбыратып, «бұлай болғанын қаламадым, оны жақсы көрдім» деп айқайлай берді. Сіңлім ол жігіттің есірткі қолданатынын бірнеше рет айтқан. Сол кезде мен оған «ол сені бір күні өлтіреді» деген едім.
Туыстарының сөзінше, күдікті өз кінәсін мойындамай, әйелдің жылу батареясына құлап жарақат алғанын айтқан. Алайда Әсем ауруханаға жеткізілгеннен кейін көз жұмған.
Марқұмның жақындары күдіктінің отбасы тарапынан ешқандай көмек көрсетілмегенін де алға тартты. Әсемнің артында 6 және 8 жастағы екі ұлы қалған. Туыстарының айтуынша, төрт жыл бұрын балалардың әкесі де қайтыс болған.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам әйелге дене жарақатын салған деген күдікпен ұсталып, қамауға алынған.
Алайда марқұмның туыстары бұл баппен келіспейтінін айтып, істің қайта қаралып, ең ауыр жаза қолданылуын сұрады.