Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыны ресми түрде мектептен шығарып, мемлекеттік жалпы білім беретін ұйымға ауыстырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
НИШ басшысы Ануар Жангозиннің айтуынша, оқушымен, оның ата-аналарымен, педагогикалық ұжыммен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің өкілдерімен, аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесулер өткен. Талқылау барысында бұған дейін қабылданған шешім тағы да қуатталған.
Оқушының ата-аналары оны басқа мектепке ауыстыруға қарсы болмаған.
Назарбаев Зияткерлік мектептері шәкірттерге әрдайым құрметпен қарап, қолдау көрсетуді және өзара сыйластыққа негізделген сындарлы қарым-қатынасты басты қағида ретінде ұстанады. Дегенмен, мұғалімдерге құрметпен қарау – мектеп үшін өзгермейтін және қатаң сақталатын талап, - деді Ануар Жанғозин.
НИШ әкімшілігі қоғам тарапынан білдірілген қызығушылық пен белсенді диалог үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігіне және бала құқықтары жөніндегі уәкілетті тұлғаларға көрсеткен қолдаулары мен ықыласты көзқарастары үшін ризашылық білдірілді.