$ 490.21
 566.93
 6.81

Елге қызмет етудің үлгісі: Сапарбаев туралы жаңа кітап жарық көрді

Редактор
10.06.2026, 18:45
Қызылорда облысы әкімдігі
Қызылорда облысы әкімдігі
Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға зор үлес қосты. 

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Сапарбаев тұлғасы» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жас мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кітаптың құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы мен марқұмның туған-туыстары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ел дамуына сіңірген еңбегіне тоқталып, оның мемлекеттік қызметтегі өнегелі жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын атап өтті.

– Бұл кітап – елге қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған ардақты азаматтың тағылымды ғұмырын баяндайтын құнды еңбек. Қарапайымдылық, адамгершілік, әділдік пен талапшылдық қасиеттерін бойына сіңірген Бердібек Машбекұлының есімі Тәуелсіз Қазақстан тарихында мәңгі сақталады. Уақыт оны арамыздан алыстатқанымен, артында қалған рухани мұрасы мен өнегелі жолы халық жадында мәңгі жасай береді, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Шара барысында кітаптың құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы, қоғам қайраткерлері Самұрат Имандосов, Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы және облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов естеліктерімен бөлісіп, кітаптың маңызына тоқталды.

Бердібек Машбекұлы Сапарбаев мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында абыройлы еңбек етіп, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға зор үлес қосты. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерін атқарып, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарын басқарды. Мемлекет қайраткерінің ел игілігі жолындағы еңбегі мен басқарушылық тәжірибесі бүгінгі буын үшін маңызды үлгі болып қала береді.