«Әділет» партиясының Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда ұйымдық даму, өңірлік құрылымды нығайту және партия қызметінің алдағы басым бағыттары талқыланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай өз сөзінде «Әділет» партиясының құрылуы қоғамның әділдікке деген сұранысы мен қазақстандықтардың белсенді қолдауының нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, партия алдында қоғамдық бастамаларды, кәсіби тәжірибені және белсенді азаматтарды елді дамыту жолында біріктіре отырып, орталық және өңірлік деңгейде тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыру міндеті тұр.
– Бүгінде әділдік идеясының қоғам тарапынан барған сайын кең қолдау тауып келе жатқанын көріп отырмыз. Партия төңірегіне еңбек адамдары, кәсіби қауымдастық өкілдері, жастар мен қоғам қайраткерлері топтасуда. Алдымызда өңірлерде тиімді ұйымдар құру, партиялық басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, мықты сараптамалық және кадрлық әлеует жасақтау міндеті тұр. Ең бастысы – азаматтардың сенімін ақтауымыз керек.
Біз Мемлекет басшысының барлық прогрессивті күштерді Әділетті Қазақстан идеясының төңірегіне топтастыру жөніндегі үндеуін қолдаймыз және нақты бастамалар, ашық диалог пен жауапты жұмыс арқылы осы бағытты іске асыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз, – деді Айбек Дәдебай.
Отырыс барысында 14 маусым күні Астанада өтетін партияның ІІ съезіне дайындық мәселелері пысықталды. Сонымен қатар партиялық құрылымды одан әрі дамытуға және өңірлердегі жұмыстың тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Саяси кеңес мүшелері партия қызметінің негізгі бағыттарын қолдап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады.
«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай партиялық құрылымды нығайту мен өңірлік жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ал саясаттанушы Бүріхан Нұрмұхамедов қоғамды әділдік, жауапкершілік және елдің жасампаз дамуы жолында күш біріктіруге шақырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта партия қоғамдық және кәсіби бірлестіктермен ынтымақтастықты кеңейтіп, Әділетті Қазақстанды дамытуға бағытталған өзекті мәселелер бойынша жаңа бастамалар әзірлеуде.