БҚО-дағы индустриалды аймақта модульдік газтурбиналы электр станциясы салынады. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі инвестор – «Vega Power» компаниясы. БҚО әкімі Нариман Төреғалиев аталған компания өкілдерімен келіссөз жүргізді. Инвестор индустриялық аймақ аумағында энергетика және өндіріс салалары бойынша стратегиялық бастамаларды жүзеге асыру жоспары жөнінде баяндады.

Негізгі жоба – табиғи газбен жұмыс істейтін, қуаттылығы 26 МВт болатын модульдік газтурбиналы электр станциясының құрылысы. Өңірлік үйлестіру кеңесі жобаның жүзеге асуына келісімін берген. Электр станциясын салу үшін 3 гектар жер телімі бөлінді. Бұдан бөлек холдинг өңдеу өнеркәсібі бағытында тағы 15 жобаны қолға алмақ.
Кездесуде қытайлық инвесторлар жұмыс барысын баяндап, нысан құрылысы маусым айына дейін басталатынын мәлімдеді. Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдар тиісті қолдау-көмек көрсететінін айтты. Тиісті құжаттарды жедел рәсімдеу мен техникалық мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылады.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Айта кетейік, жыл басында облыс әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы және «Vega Power» арасындағы ықпалдастық жол картасы бекітілді.