Радиация деңгейі қалай өлшенеді?
Қазақстанда радиациялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін көпдеңгейлі бақылау жүйесі қалыптасқан.
Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі жүзеге асырса, мемлекеттік бақылау мен қадағалау Атомдық қадағалау және бақылау комитетіне жүктелген. Ал халықтың радиациялық қауіпсіздігіне қатысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қадағалайды. Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қоршаған ортадағы радиациялық фон мен атмосфераның радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізеді.

Мұрат Төлегеновтің айтуынша, мемлекеттік қадағалау мен өндірістік радиациялық бақылаудың міндеттері әртүрлі. Біріншісі ұйымдардың заңнама талаптарын сақтауын тексеруге бағытталса, екіншісі иондаушы сәулелену көздерін пайдаланатын кәсіпорындарда тікелей жүзеге асырылады. «Дәл өндірістік радиациялық бақылау жұмыс жағдайларын күн сайын бағалауға, радиациялық жағдайдағы өзгерістерді анықтауға және қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.
Ядролық физика институтында ССР-Қ зерттеу ядролық реакторы, үдеткіш қондырғылары, радиохимиялық зертханалар және иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс жүргізілетін басқа да нысандар бар. Мұндағы мамандар гамма және рентген сәулелерінің доза қуатын өлшейді, нейтрондық сәулеленуді бақылайды. Сондай-ақ жабдықтардың, жұмыс беттерінің, құралдардың, арнайы киімнің және жеке қорғаныс құралдарының радиоактивті ластану деңгейін тексереді. Орындалатын жұмыстың ерекшелігіне қарай өндірістік үй-жайлар ауасындағы радиоактивті заттардың мөлшері мен технологиялық орталардың белсенділігі де бақыланады. Мәселен, реактордың бірінші контурындағы судың сынамалары алынып, радионуклидтік құрамы мен белсенділігі зерттеледі. Бұл мақсатта арнайы дозиметрлік, радиометрлік және спектрометрлік жабдықтар пайдаланылады. Олардың қатарында МКС-АТ6102, МКС-АТ1117М, FH40 өлшеу аспаптары бар.

«Радиациялық бақылау радиациялық фонды қарапайым өлшеумен шектелмейді. Маман сәулелену сипатын анықтауы, адамның сәулеленуінің ықтимал жолдарын бағалауы, өлшеу нәтижелерін белгіленген бақылау деңгейлерімен салыстыруы және қажет болған жағдайда қосымша қорғаныс шараларын ұсынуы тиіс», – дейді Мұрат Төлегенов. Сарапшының айтуынша, өлшеу жиілігі нысанның ерекшелігіне және атқарылатын жұмыстың сипатына байланысты. Стационарлық бақылау жүйелері орнатылған нысандарда тиісті көрсеткіштер үздіксіз қадағаланады. Жоспарлы өлшеулер бекітілген бағдарлама мен кестеге сәйкес жүргізіледі.
Реактор маңындағы радиациялық жағдай қандай?
Ядролық нысандарға жақын орналасқан елді мекендердегі радиациялық жағдай халықты алаңдататын мәселелердің бірі. Осы орайда Мұрат Төлегенов Алматы қаласының Алатау шағын ауданында жүргізілген зерттеу нәтижелерін мысалға келтірді. Шағын аудан Ядролық физика институтына жақын орналасқан. Сарапшының мәліметінше, мұндағы ССР-Қ зерттеу реакторы 60 жыл бойы қалыпты жұмыс режимінен ауытқусыз пайдаланылып келеді.
2023 жылы шағын аудан тұрғындарына сыртқы сәулелену деңгейін бақылау мақсатында жапондық Chioda Corporation компаниясы шығарған 50 D-Shuttle жеке дозиметрі берілген. 2024 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген талдау нәтижесінде тұрғындардың сыртқы сәулелену доза қуатының орташа көрсеткіші сағатына 0,15 микрозиверт болғаны анықталған. Ал осы кезеңде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы табиғи гамма-фонның орташа көрсеткіші сағатына 0,17 микрозивертті құраған.
«Алынған нәтижелер ССР-Қ зерттеу реакторын және Институттың өзге қондырғыларын пайдалануға байланысты радиациялық фонның артқанын көрсеткен жоқ», – дейді сарапшы. Бұдан бөлек, 2025 жылы зерттеу реакторының аумағында өсірілген қызанақтарға радионуклидтік талдау жүргізілген. Зерттеу нәтижесінде табиғи және техногендік радионуклидтердің мөлшері фондық деңгейде екені анықталған.
Институт аумағында және санитариялық-қорғаныш аймағында да радиациялық жағдай тұрақты бақыланады. Өлшеу нәтижелері бұрынғы көрсеткіштермен және белгіленген бақылау деңгейлерімен салыстырылып, кәсіпорын қызметінің қоршаған ортаға ықтимал әсері бағаланады.
Радиация деңгейі өзгерсе, қандай шаралар қабылданады?
Ядролық нысандарда еңбек ететін қызметкерлерді қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. Иондаушы сәулелену көздерімен тікелей жұмыс істейтін және «А» тобына жатқызылған қызметкерлер жеке дозиметрлік бақылауда болады. Әр маманның жинақталған сәулелену дозасы арнайы есепке алынып, талданады. Бұл мақсатта термолюминесценттік дозиметрлер, ал жедел бақылауды қажет ететін жұмыстар кезінде электрондық жеке дозиметрлер пайдаланылады.

Сарапшының айтуынша, басты міндет – сәулелену дозасының белгіленген шектен асуына жол бермеумен қатар, оны мүмкіндігінше төмендету. Ол үшін инженерлік қорғаныс құралдары, қашықтан жұмыс істеу әдістері, сәулелену аймағында болу уақытын шектеу және басқа да ұйымдастырушылық-техникалық шаралар қолданылады. Белгіленген бақылау деңгейінен ауытқу анықталған жағдайда мамандар қосымша өлшеулер жүргізіп, оның себептерін анықтайды. Қауіпсіздікке қатер төнсе, жұмыстар қауіп тудырған себептер жойылғанға дейін шектеледі немесе уақытша тоқтатылады.
Мұрат Төлегеновтің пайымынша, бұл салада заманауи жабдықтармен қатар мамандардың кәсіби даярлығы мен жауапкершілігі де маңызды. Иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істейтін қызметкерлер нормативтік талаптарды біліп қана қоймай, өлшеу құралдарын дұрыс пайдалана алуы, радиациялық жағдайды бағалауы және апаттық жағдайларда әрекет етуге дайын болуы тиіс.