$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

«Балам төрт сағат жолда жатты»: Қарағанды облысында қаза тапқан қыздың әжесі жанайқайын жеткізді

Редактор
18.11.2026, 13:47
из соц сетей
из соц сетей
Қарағанды облысында 14 жастағы қызды көлік қағып өлтірді

Қарағанды облысында 14 жастағы оқушы қызды көлік қағып, мерт қылды. Қайғылы оқиғадан кейін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Марқұмның туыстары күдікке ілінген кәсіпкер әйелдің әлі күнге дейін ұсталмағанына наразы, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 17 қазан күні сағат 21:00 шамасында Петровка ауылында болған. 14 жастағы Ангелина Поганько серуеннен үйіне қайтып келе жатып, жолдан өтпек болған кезде көлік қағып кеткен. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылды республикалық тасжолмен байланыстыратын жолда жарықтандыру жеткіліксіз, жаяу жүргіншілер өткелдері жоқ. Ал орнатылған бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді.

Оқиға куәгері Анатолий Еремеевтің сөзінше, ол тежегіштің дыбысын естіп, көліктің соңынан барған.

«Аулада тұрғанмын. Кенет тежегіштің дыбысын естідім. Көлікке отырып, іздеуге шықтым. Жол қиылысында жүргізушіні қуып жеттім. Көліктің алдыңғы нөмірі жоқ, алдыңғы бөлігі зақымданған екен. Нөмірін жазып алып, 102-ге хабарластым», – деді куәгер.

Марқұмның туыстары оқиғаға Теміртау мен Ботақара арасында қатынап жүрген жергілікті кәсіпкер әйелдің қатысы болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, көліктің алдыңғы мемлекеттік нөмірі жол апаты болған жерде қалған. Жүргізуші әйел біраз уақыттан кейін оқиға орнына қайта оралған. Қайтыс болған қыздың әжесі Альмира Поганько жүргізушінің сол жерде бірден ұсталмағанына наразылық білдірді.

«Бала төрт сағат бойы жолда жатты. Көліктер өтіп жатты, ал ол ештеңе болмағандай жүрді. Оны бірден ұстауы керек еді. Қазір де дүкенін ашып, кәсібін жүргізіп отыр. Ал біз түнде ұйықтай алмаймыз», – деді марқұмның әжесі.

Көлік иесі Гүлмира Рахменова оқиға орнынан кеткенін растағанымен, қашып кету ниеті болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, көлік сағатына 50 шақырым жылдамдықпен қозғалған. Ал оқушы қыз жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен.

«Менің көлігімде үш жасар немерем болды. Соққыдан кейін ол жарақат алып, қатты жылады. Сол себепті оқиға орнынан кеттім. Бірақ шамамен 30 минуттан кейін қайта оралдым. Ешкім қашып жүрген жоқ. Марқұмның ата-анасына барып, кешірім сұрадық. Олар 30 миллион теңге сұрады, бірақ менде ондай мүмкіндік жоқ», – деді Гүлмира Рахменова.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің жол-көлік оқиғаларын тергеу бөлімінің бастығы Нұрлан Аманжолов тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Жүргізушінің кінәсін анықтайтын қажетті сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деді полиция өкілі.

Сараптама көліктің нақты жылдамдығын және жүргізушінің жол апатының алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағанын анықтауы тиіс. Полицияның мәліметінше, аталған баптар бойынша тараптардың татуласуы қарастырылмаған. Егер жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Әзірге жүргізушінің кінәсі сот арқылы дәлелденген жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау