Бұрынғы Сенат депутаты, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Геннадий Шиповских жеке секторға ауысып, жаңа қызметке кірісті. Ол Samruk Signal Systems компаниясы бас директорының стратегиялық даму және коммуникациялар жөніндегі орынбасары қызметін атқаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Геннадий Шиповских әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, еңбек жолындағы жаңа кезең туралы айтты.
«Өмірімдегі жаңа белес! Еңбек жолымның жаңа кезеңін жеке секторда жалғастырып жатырмын! Енді Samruk Signal Systems компаниясында бас директордың стратегиялық даму және коммуникациялар жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын», – деп жазды ол.
Бұрынғы сенатор жаңа қызметінде компанияның бас директоры Әбілқайыр Олжабаевпен бірге жұмыс істейтінін жеткізді.
«Алдағы уақытта компанияның бас директоры Әбілқайыр Олжабаевтың басшылығымен бірге жұмыс істейтін боламыз. Жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер, жаңа мақсаттар! Алла сәтін салсын!» – деді Геннадий Шиповских.
Айта кетейік, Геннадий Шиповских бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында депутат болды. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты ретінде де қызмет атқарған. Ол депутаттық қызметі кезінде әлеуметтік мәселелерге, жастар саясатына және қоғамдық бастамаларға қатысты пікір білдіріп келген. Енді бұрынғы парламентарий кәсіби қызметін корпоративтік секторда жалғастырмақ. Геннадий Шиповскихтің мәлімдемесіне сәйкес, жаңа қызметінде ол компанияның стратегиялық дамуы мен коммуникациялар бағытына жауап береді.