Қостанай облысында ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың зиратындағы бейнекамераны ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қостанай облысындағы Тобыл қаласының мұсылман зиратында тағы да ұрлық оқиғасы тіркелді. Бұл жолы белгісіз біреу 2024 жылы Ақтау маңында ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың қабіріне орнатылған бейнебақылау камерасын жұлып әкеткен.
Марқұмның анасы Ұлтуған Жұтаева бұған дейін де қызының зиратына бірнеше рет шабуыл жасалғанын айтады. Биыл мамыр айында белгісіз адамдар қымбат қылқан жапырақты ағаш көшеттерін тамырымен қопарып, мәрмәр орындықты да бүлдіруге әрекеттенген. Алайда ол кезде кінәлілер табылмаған.
Қызының қабірін қорғау үшін отбасы телефон арқылы қашықтан басқарылатын бейнебақылау жүйесін орнатқан. Алайда бірнеше күн бұрын әйелдің телефонына камераның ажыратылғаны туралы хабарлама келген. Туыстары зиратқа барғанда құрылғының бағанадан жұлынып алынғанын анықтаған.
Оқиға туралы полицияға хабар берілгеннен кейін күдікті көп ұзамай ұсталды. Полиция департаментінің мәліметінше, ол бұрын сотталған, жұмыссыз ер адам болып шыққан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Марқұмның анасы қызының зиратына тыныштық бермей жатқандарға алаңдаулы.
«Енді не істерімізді білмей қалдық. Зираттың қоршауы жоқ. Қызымның мазасын да бермей қойды», – дейді Ұлтуған Жұтаева.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған. Олардың 29-ы аман қалғанымен, Қазақстан азаматтарының барлығы қаза тапты.