$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

АЭС құрылысы: қазақстандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер

Редактор
18.11.2026, 14:21
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Бұған Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» АЭС-інің құрылысы айқын мысал бола алады

Атом электр станциясын салу - жаңа электр энергиясын өндіру қуаттарын құру ғана емес. Қазақстан үшін бұл отандық өнеркәсіпке қосымша серпін беруге, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды игеруге және жергілікті кәсіпорындардың сапа деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Алайда АЭС құрылысының басталуы қазақстандық компаниялардың автоматты түрде тапсырыс алатынын білдірмейді. Атом саласы өнімдерге, жабдықтарға, мердігерлік жұмыстарға және персоналдың біліктілігіне ерекше талаптар қояды. Сондықтан бүгінгі міндет - әлеуетті жеткізушілерді анықтау ғана емес, кәсіпорындарды жобаға нақты қатысуға дайындау.

Бұған Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» АЭС-інің құрылысы айқын мысал бола алады. Жергілікті өнеркәсіпті дамыту мақсатында жоба операторы - Emirates Nuclear Energy Corporation (ENEC) әлеуетті жергілікті жеткізушілерді бағалаумен және олардың атом саласының техникалық әрі сапа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін құзыреттерін дамытуға жәрдемдесумен айналысатын арнайы өнеркәсіпті дамыту тобын құрды. Мұндай тәсіл БАӘ кәсіпорындарының жобаға қажетті жеткізу тізбегіне тартылуына ықпал етті.

Бұл жұмыстың нәтижесі нақты көрсеткіштермен өлшенеді. ENEC деректеріне сәйкес, 2022 жылға қарай станцияның жеткізу тізбегіне 2 000-нан астам жергілікті компания қатысқан.

Бұл жерде жеткізушілердің әртүрлі санаттары туралы сөз болып отырғанын түсіну маңызды. Олардың бір бөлігі станцияны құрылыс материалдарымен, логистикалық қызметтермен, техникалық қызмет көрсетумен және басқа да қызметтермен қамтамасыз етеді. Ал екінші бөлігі ядролық қауіпсіздікке қатысы бар өнімдерді жеткізу үшін күрделі біліктілік рәсімдерінен өтеді.

Тағы бір мысал - Венгриядағы «Пакш-2» АЭС жобасы. Мұнда кәсіпорынның жалпы мүмкіндіктерін ғана емес, нақты келісімшартты орындауға дайындығын да бағалауға мүмкіндік беретін жеткізушілерді біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша іріктеу жүйесі қолданылады. Егер қызмет ядролық қауіпсіздікке қатысты болса, жеткізуші арнайы мақұлдау рәсімінен өтіп, лицензия иеленушінің тұрақты бақылауында болуы тиіс.

Осылайша, халықаралық тәжірибе кәсіпорындар тізілімін қалыптастыру тек бастапқы кезең екенін көрсетеді. Одан кейін өндірістік мүмкіндіктерді бағалау, технологиялық және ұйымдастырушылық олқылықтарды жою, біліктілікті растау және компанияларды нақты жеткізу тізбектеріне енгізу жұмыстары жүргізілуі қажет.

«Балқаш» АЭС-інің құрылысы кәсіпорындардың бірнеше бағыт бойынша қатысуын көздейді. Бұл - мамандандырылған жабдықтарды жеткізу ғана емес, сонымен қатар құрылыс материалдарын өндіру, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау, жобалау, инженерлік және көлік қызметтерін көрсету.

Жеке бағыт ретінде сыртқы инфрақұрылымды құруды атап өтуге болады. Оған кірме жолдар, инженерлік желілер, сумен және электрмен жабдықтау нысандары, сондай-ақ станцияның құрылысы мен жұмысын қамтамасыз етуге қажетті басқа да объектілер жатады.

Бұл ретте жеткізушілерге қойылатын талаптар өндірілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сипатына қарай айқындалады. Кейбір санаттар үшін жалпы өнеркәсіптік стандарттар мен келісімшарт талаптарына сәйкестік жеткілікті. Ал ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікке әсер ететін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін біліктілікті бағалаудың неғұрлым қатаң рәсімдерінен өту, өндіріс сапасын растау, материалдардың қадағаланымдылығын қамтамасыз ету және тапсырысты орындаудың барлық кезеңінде бақылау жүргізу қажет.

Сондықтан атом жобасына қатысу - өз өнімін сату мүмкіндігі ғана емес. Бірқатар кәсіпорын үшін бұл өндірісті жаңғырту, сапа менеджменті жүйесін жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және халықаралық стандарттарды енгізу қажеттігін білдіреді.

Атом энергиясы агенттігі АЭС құрылысы жобалары үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді әлеуетті жеткізушілер тізілімін қалыптастыру жұмысын жоспарлап отыр. Оның негізгі міндеті - Қазақстан өнеркәсібінің мүмкіндіктері туралы объективті көрініс қалыптастыру және жобаны іске асыруға қандай компанияларды тартуға болатынын анықтау.

Кәсіпорындарды бағалау кезінде тек өндірілетін өнім түрлерін ғана ескеру жеткіліксіз. Өндірістік қуаттар, технологиялық жабдықталу деңгейі, мамандардың біліктілігі, рұқсат беру құжаттары мен сертификаттардың болуы, сондай-ақ қолданыстағы сапа менеджменті жүйесі де маңызды рөл атқарады.

Келесі қадам - қазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін жобаның қажеттіліктерімен және бас мердігердің талаптарымен салыстыру. Бұл жобаға қатысуға қазірдің өзінде дайын компанияларды, қосымша дайындықты қажет ететін кәсіпорындарды және жаңа өндірістік құзыреттерді дамыту қажет бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.

Бизнестің өзі үшін бұл дайындықты алдын ала бастауды білдіреді. Кәсіпорындар өз мүмкіндіктеріне ішкі бағалау жүргізіп, өнімдер мен өндірістік процестерге қойылатын талаптарды зерделеуі, техникалық құжаттаманы әзірлеуі, мамандардың біліктілігін растауы және қажет болған жағдайда жабдықтарын жаңғыртуы маңызды.

Тізілімге енгізілу автоматты түрде тапсырыс алуға негіз болмайды. Сатып алу рәсімдеріне қатысу жобаның қажеттіліктеріне, нақты тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарға, біліктілікті бағалау нәтижелеріне және жеткізушілерді іріктеу шарттарына байланысты болады.

Атом жобасының экономикалық тиімділігі құрылыс кезеңімен ғана шектелмейді. АЭС пайдалануға берілгеннен кейін де станцияның бүкіл пайдалану мерзімі бойы техникалық қызмет көрсетуге, жөндеуге, қосалқы бөлшектерге, зертханалық зерттеулерге, метрологияға және мамандандырылған қызметтерге деген қажеттілік сақталады.

Қазақстандық кәсіпорындар үшін бұл атом саласымен ұзақ мерзімді байланыс орнатуға, жаңа құзыреттерді дамытуға және болашақта халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. БАӘ тәжірибесі жергілікті жеткізушілермен жұмыс құрылыс аяқталғаннан кейін де жалғасып, станцияны пайдалану үшін тұрақты өнеркәсіптік жеткізу тізбегін қалыптастыра алатынын көрсетеді.

Сондықтан біз «Балқаш» АЭС-інің құрылысы кезіндегі жергілікті қамтуды отандық қамту үлесінің формалды көрсеткіші ретінде емес, Қазақстан өнеркәсібін ұзақ мерзімді дамыту міндеті ретінде қарастырамыз.

Біздің мақсатымыз - қазақстандық компанияларды жекелеген жұмыстарға тарту ғана емес, олардың атом саласының талаптарына сай болуына, келісімшарттар үшін бәсекеге түсуіне және халықаралық жеткізу тізбегінің бір бөлігіне айналуына жағдай жасау.

Автор: Ержан Наурузбаев, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Жергілікті қамтуды бақылау орталығының басшысы

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау