$ 443.96
€ 487.73
₽ 5.38

Табиғатты тегін ресурс деп қабылдау Қазақстанға қымбатқа түседі - сарапшы

Редактор
18.11.2026, 15:17
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Қазақстан үшін жасыл экономикаға көшу – табиғатты қорғау ғана емес, өнеркәсіпті жаңғыртудың, ауыл экономикасын дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі. Алайда экологиялық талаптарды күшейту арқылы ғана экономиканың тиімділігін арттыру мүмкін емес. «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясының» басқарма төрайымы Әлия Рахымбекова еліміздің жасыл экономикаға көшу жолындағы мүмкіндіктері мен шешімін күткен мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Экологиялық талап пен өндірістік жаңғыру

Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып жасыл экономикаға көшуді ұзақ мерзімді басымдық ретінде белгіледі. 2013 жылы жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы бекітіліп, 2024 жылы жаңартылды. Сонымен қатар жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу басталды. Сарапшының пікірінше, қабылданған құжаттар мен енгізілген бақылау жүйелері экологиялық ахуалдың жақсарғанын білдіре бермейді.

«Орнатылған аспап кәсіпорынның қоршаған ортаға бөлетін шығарындыларының көлемін көрсетеді. Ал оларды азайту үшін кәсіпорынның өзі технологиялары мен өндірістік үдерістерін өзгертуі керек», – дейді Әлия Рахымбекова. Өнеркәсіпті экологиялық тұрғыдан жаңғырту қомақты инвестицияны қажет етеді. Бұл ретте ірі компаниялар мен шағын кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндіктері бірдей емес. Сондықтан мемлекет қолжетімді қаржыландыру, экономикалық ынталандыру және отандық технологияларды қолдау мәселелерін қатар қарастыруы қажет.

Экологиялық міндеттемелер кәсіпорындардың жаңғырту мүмкіндіктерінен жылдам қатаңдаса, бизнес оны қосымша шығын ретінде қабылдайды. Мұндай жағдайда айыппұл мен бақылау арқылы ғана технологиялық жаңаруға қол жеткізу қиын. Сарапшы экономикалық өсімді бағалауда да жаңа өлшемдерге сүйенуді ұсынады. Өндіріс көлемі мен кәсіпорын табысынан бөлек, өнім өндіруге жұмсалатын су, энергия мен шикізат мөлшері, сондай-ақ өндірістің адам денсаулығына әсері ескерілуі тиіс.

Табиғи капитал – экономиканың тірегі

Климаттың өзгеруі Қазақстан экономикасына қазірдің өзінде әсер етіп отыр. Құрғақшылық, су тасқыны, аптап ыстық пен су тапшылығы ауыл шаруашылығының өнімділігіне, инфрақұрылымның жағдайына және халықтың тұрмыс сапасына ықпал етеді.Әсіресе ауылдық жерлерде табиғи ресурстардың жағдайы отбасының табысымен тікелей байланысты. Топырақтың құнарсыздануы, жайылымдардың тозуы және су тапшылығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын арттырып, шаруашылықтардың тұрақтылығына қауіп төндіреді.

«Табиғатты тегін әрі сарқылмайтын ресурс деп қабылдау қымбатқа түседі, дегенмен мұндай көзқарастың салдары бірден байқала бермейді», – дейді сарапшы. Мәселен, малды шамадан тыс жаю мен мал суару инфрақұрылымының жеткіліксіздігі жайылымдардың өнімділігін төмендетеді. Ал тозған жерлерді қалпына келтіру мал шаруашылығының тиімділігін сақтап, ауыл экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, табиғатты қорғауға жұмсалған қаражатты ұлттық байлыққа салынған инвестиция ретінде бағалауға болады.

Ресурстарды тиімді пайдаланудың тағы бір бағыты – айналым экономикасы. Өнімнің қызмет ету мерзімін ұзарту, материалдарды қайта пайдалану және қалдықтардың түзілуін азайту жаңа өндіріс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Сарапшының пайымынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін үндеу жасаумен шектелмей, ресурстарды үнемдеуді азаматтар мен кәсіпорындар үшін экономикалық жағынан тиімді ету қажет.

Жасыл қаржы және инвестициялық мүмкіндіктер

Қазақстанда жасыл қаржы нарығы дамып келеді. Жасыл облигациялар, арнайы кредиттер, көміртек квоталарының саудасы және жеке капитал тарту тетіктері экологиялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әлия Рахымбекова су ресурстарын сақтауға бағытталған көгілдір қаржыландырудың да әлеуеті зор екенін атап өтті. Атап айтқанда, көгілдір облигациялар арқылы суару жүйелерін жаңғыртуға, сарқынды суларды тазартуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және су экожүйелерін қалпына келтіруге қаражат тартуға болады. Алайда қаржыландыру тетіктерінің көптігі олардың баршаға қолжетімді екенін білдірмейді.

«Жасыл қаржыландыру өңірлік кәсіпорынға да, фермерлік шаруашылыққа да, шағын бизнеске де қолжетімді болуы керек. Әйтпесе жасыл экономикаға көшудің игілігі ірі экономикалық орталықтарда шоғырланып, ең осал аумақтар мен жергілікті қауымдастықтар одан шет қалады», – дейді коалиция төрайымы.

Қазақстанның табиғи ресурстары, өнеркәсіптік әлеуеті, жаңартылатын энергетика мен тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері жасыл экономикаға көшуге негіз бола алады. Ол үшін ұзақ мерзімді инвестициялар, ғылыми зерттеулер, мемлекет пен бизнестің үйлесімді жұмысы қажет.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау