$ 489.31
 568.33
 6.63

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіледі

Редактор
04.06.2026, 14:01
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Мемлекеттік рәміздерге қатысты маңызды өзгеріс күтілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде сөйлеген сөзінде ұлттық рәміздерді құрметтеу отаншылдықтың ең жоғары көрінісі екенін айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Президент өз сөзінде биылғы наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумның тарихи маңызына тоқталды.

Бәріңізге белгілі, наурыз айында біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдумға қатыстық. Азаматтарымыз конституциялық реформаны қолдап, дауыс берді. Осылайша, біз жаңа Конституциямызды қабылдап, төл тарихымыздың жаңа парағын аштық. Ата заңда халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мақсат-мұраты көрініс тапты. Кең байтақ жеріміздің тұтастығы, еліміздің егемендігі, азаматтардың құқықтары және бостандықтары басты құндылықтар деп жазылды, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияда заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау және волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалған.

Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды. Конституцияда әр адам еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге тиіс деп көрсетілді. Себебі ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі екені сөзсіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы нағыз патриоттар ғана елдің дамуына серпін беріп, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін атап өтті.

Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі, – деді ол.

Сондай-ақ Президент ұлттық рәміздердің мәртебесін көтеру бағытында нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ұлттық нышандарды ұлықтау әрбір азаматтың ортақ парызы екенін атап өтті.

Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз, – деп түйіндеді Президент.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау