Тұрсынбектің екінші әйелі Айман Талғатқызы әзілкеш пен бұрынғы «Базар жоқ» театрының әртістері арасындағы қарым-қатынасқа қатысты пікір білдірді. Ол өнерпаздардың концертте аз уақыт өнер көрсетуінің себебін де түсіндірді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Айман Талғатқызының айтуынша, танымал өнерпаздардың әрқайсысы сахнада көбірек уақыт өткізгісі келеді. Алайда концерттің ұзақтығын ескерсек, әрқайсысына 20–30 минуттан уақыт бөлу мүмкін емес.
«7–10 минут оларға аз. Бәрі өз өнерін көрсетіп, сахнада ұзақ тұрғылары келеді. Бәрі 20–30 минуттан тұрса, онда концерт 3–4 сағат болып кетері анық. Сол себепті ол мүмкін емес. Аты жер жарып тұрған мықтыларға нөміріңді қысқарт деп те айта алмайсың. Сондықтан тарап кетті, ойып қалды деп бос әңгіме», – деді ол.
Сондай-ақ Айман Талғатқызы Тұрсынбек пен театрдың бұрынғы әртістерінің қарым-қатынасы жақсы екенін атап өтті. Оның сөзінше, өнерпаздар араласып тұрады және бір-біріне құрмет көрсетеді.
«Жігіттермен Тұрсынбектің қарым-қатынасы өте жақсы. Араласады. Бәрі әр кез алғысын айтып, концерт қояр алдында мәдениетті түрде алдынан өтіп барып, өздері гастрольге шығып жүр. Неге десеңіздер, қазір ОНБ бар, киноға түсіп жүр, әрқайсысының өзінің мықты энергиясы бар. Баяғыдай емес, енді бір сахнаға сыймайды бәрі», – деп түсіндірді ол.
Айман Талғатқызы алдағы уақытта театрдың бұрынғы әртістері жеке мерейтойлық концерттерін өткізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ олардың жетістіктері Тұрсынбекті де қуантатынын айтты.
«Алла жазса, алдағы уақытта үлкен мерейтойлық концерттерін беретіні анық. Біздің жігіттер жетістікке жетіп, жеке концерт берген сайын Тұрсынбектің мақтанып, марқайып отыратыны рас», – деді ол.