Президент саябағы аумағында Мемлекет басшысының қолдауымен салынған заманауи Ботаникалық бақ пайдалануға берілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов пен Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Балаларға арналған ерекше тарту саналатын нысанның құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген. Бас мердігер – «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Ботаникалық бақтың іргетасы өткен жылдың қыркүйек айында сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын.
Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа нысанның балалардың танымдық дамуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қызмет ететінін атап өтті.
– Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың құқықтарын қорғау мен денсаулығын сақтау мемлекеттің басты міндеті екенін әрдайым айтып келеді.
Бүгін ашылып отырған Ботаникалық бақ – осы мемлекеттік саясаттың Сыр өңіріндегі нақты нәтижесі. Мұнда Қытай, Жапония, Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка елдерінде өсетін түрлі өсімдіктер егілген. Бұл орын балалардың табиғат туралы білімін кеңейтіп қана қоймай, олардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл жай ғана саябақ емес. Табиғат пен ғылымды ұштастыратын, жас ұрпақтың зерттеушілік қабілетін дамытатын көпфункционалды кешен. Осы бақтан болашақ биологтар, агрономдар мен экологтар өсіп шығады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында Сенат депутаты Руслан Рүстемов пен Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар мен нысан құрылысын уақытында аяқтаған мердігер ұйым қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ботаникалық бақ – экологиялық ағартуды, туризмді дамытуды және жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруды көздейтін заманауи кешен. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын екі жылыжайға әлемнің түрлі аймақтарынан әкелінген 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік отырғызылған.
Олардың қатарында веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус, алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук және басқа да сәндік өсімдіктер бар. Гүлдеу кезеңінде бұл өсімдіктер бақ аумағын түрлі түске бояп, ерекше атмосфера қалыптастырады.
Өсімдіктердің қолайлы жағдайда өсуі үшін кешен микроклиматты автоматты түрде басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.
Жаңа нысан сирек кездесетін өсімдіктер өсірілетін орын ғана емес, сонымен бірге экологиялық мәдениетті, ғылыми-ағартушылық қызметті және ішкі туризмді дамытуға бағытталған маңызды орталыққа айналмақ. Мұнда оқушылар мен студенттердің, табиғат жанашырларының білімін кеңейтуге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда облысында соңғы төрт жылда 46 заманауи білім беру нысаны пайдалануға берілді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы ашылды.
Өңірде «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қызмет етіп келеді.
Жуырда ғана жыл бойы жұмыс істейтін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы да балалар игілігіне пайдалануға берілді.