$ 487.44
 567.38
 6.62

Кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Редактор
01.06.2026, 11:21
«AQNIET» қоғамдық қоры
«AQNIET» қоғамдық қоры
 Астана қаласында кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» жобасы мен Халықаралық балаларды қорғау күні аясында ұйымдастырылды. 

Семинарды «AQNIET» қоғамдық қоры өткізіп, оған «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры мен Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетті. Жиын Қазақстан Республикасы ІІМ Басқару академиясының базасында өтті.

Басқосудың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің деструктивті діни ағымдар мен экстремистік идеология ықпалына түсуінің алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру және осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.

Семинарға ювеналдық полиция қызметкерлері, экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің мамандары, Астана қаласының білім, спорт және дене шынықтыру салаларының өкілдері, ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, психологтар мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның модераторы ретінде «AQNIET» ақпараттық-насихаттық оңалту орталығы» қоғамдық қоры директорының халықаралық және өзге де жобалар жөніндегі кеңесшісі Алим Шауметов сөз сөйледі.

Семинар барысында психология ғылымдарының кандидаты Сауле Ізбасарова жасөспірімдердің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етудің психологиялық тетіктеріне тоқталды. Ол жасөспірімдік кезеңнің ерекшеліктері, кәмелетке толмағандардың деструктивті ықпалға бейімділігі және радикалдану белгілерін ерте анықтау жолдары жөнінде баяндады.

Ал психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жанар Жүкешева экстремизмнің алдын алу және терроризм идеологиясына қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарын таныстырды. Спикер профилактикалық жұмыстың заманауи әдістеріне, ақпараттық-түсіндіру шараларының маңызына және тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жұмыс ерекшеліктеріне назар аударды.

Дінтанушы әрі психолог Жұлдыз Жанабергенова жасөспірімдер арасында экстремистік көзқарастардың қалыптасуына әсер ететін факторларды сөз етіп, аутодеструктивті мінез-құлық белгілеріне тоқталды. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған жасөспірімдерді психологиялық қолдау мен профилактикалық сүйемелдеудің практикалық қырлары талқыланды.

Жиын барысында радикалды діни идеологияның ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту, әлеуметтік бейімдеу және дерадикализациялау мәселелері де кеңінен қарастырылды.

Семинар соңында қатысушылар радикалданудың алдын алу, психологиялық диагностика әдістері, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді тетіктері және деструктивті идеология ықпалына бейім жасөспірімдерді анықтау мәселелері бойынша спикерлермен пікір алмасты.

Мамандардың пікірінше, мұндай оқыту іс-шаралары мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланысын нығайтып, жастар арасында экстремизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.