Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары Шымкент қаласындағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына барып, тәрбиеленушілермен кездесті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қайырымдылық шарасына ұлттық құрама ойыншылары Нұралы Әліп, Сергей Малый, Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов, Жасұлан Әмір және Мағжан Тоқтыбай қатысты.
Кездесу барысында футболшылар балалармен еркін әңгімелесіп, бірге уақыт өткізді. Олар жасыл алаңда доп теуіп, бүлдіршіндердің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар балалар сүйікті спортшыларымен естелік суретке түсіп, ерекше әсер алды.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, оларды спортпен айналысуға ынталандыру болды. Ұлттық құрама ойыншылары өздерінің спорттағы тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жету жолындағы табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын айтты.
Кездесу соңында футболшылар орталық тәрбиеленушілеріне Қазақстан ұлттық құрамасының жейделері мен арнайы естелік сыйлықтар тарту етті.
Қазақстан футбол федерациясы барлық бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, әр баланың балалық шағы бақытқа, қуанышқа және жарқын сәттерге толы болуына тілектестік білдірді.