Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айтып, елдегі реформалардың қоғамдық сана мен азаматтық ұстанымға оң әсер еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
– Қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналды. Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жүргізіліп жатқан өзгерістер қоғамдық санаға да зор ықпал етіп отыр.
– Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінде азаматтардың заңдылық пен тәртіпке деген көзқарасы өзгеріп келе жатқанын атап өтті.
– Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент алдағы міндеттердің ауқымды екенін айтып, ел бірлігі олардың табысты орындалуының басты кепілі екенін жеткізді.
– Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.