БЖЗҚ салымшыларды жаңа тәсілмен алдайтын алаяқтар пайда болғанын ескертті. Олар өздерін зейнетақы қорының қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнетақы мөлшерін аттыруға көмектесетінін айтады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта БЖЗҚ бөлімшелеріне міндетті зейнетақы жарналары аударылмағаны туралы хабар алған азаматтар жиі жүгінетін болды. Алаяқтар өздерін БЖЗҚ қызметкері ретінде таныстырып, салымшыларға бірнеше жыл еңбек өтілі зейнетақы есептеу кезінде ескерілмей қалғанын айтып, соның негізінде зейнетақыны қайта есептеп, мөлшерін арттыруға болатынын айтатын көрінеді.
Алаяқтар қалай әрекет етеді
Алаяқтар сенімге кіру мақсатында қордың нақты жұмыс істейтін бөлімшелерінің мекенжайын айтып, азаматтарды сол жерге келуге шақырады. Филиалға жүгінушілердің айтуынша, қызметті "жылдам әрі ыңғайлы алу үшін" алдын ала электрондық кезекке қоямыз деп, SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды. Өкінішке қарай, мұндай кодтарды алаяқтарға хабарлап қойған азаматтар да бар.
БЖЗҚ өкілдері қор қызметкерлерінің ешкімге қоңырау шалмайтынын және телефон арқылы, электрондық пошта немесе мессенджерлерде SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректемелерін және өзге де құпия ақпаратты ешқашан сұрамайтынын ескертеді.
"БЖЗҚ барлық қызметтерді тегін көрсетеді. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң тәртіппен жүзеге асырылады. Қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, ЖСН-ді, мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білгенімен, бұл оның ресми қызметкер екенін білдірмейді. Мұндай мәліметтер алаяқтардың қолына ашық дереккөздерден түсуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады
SMS арқылы келген кодтарды және жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз.
SMS-код туралы әңгіме басталған сәтте күмәнді қоңырауды бірден тоқтатыңыз.
Ақпараттың дұрыстығын тек ресми арналар арқылы тексеріңіз (байланыс орталығы, ресми сайт немесе мобильді қосымша)
Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Қырағы болып, жақындарыңызды, әсіресе егде жастағы туыстарыңызды алаяқтардың әрекетінен қорғаңыз