Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада «Балалық шақ мекені» атты ауқымды республикалық акция өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
«Жетісу» саябағындағы «Этно әлемі» алаңында ұйымдастырылған іс-шара «Ауыл» партиясы мен Астана қаласы әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асырылды. Жоба Мемлекет басшысының отбасы институтын нығайту және балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатын қолдау аясында өткізілді.
Акцияның негізгі мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғам назарын балалардың әлеуметтік әл-ауқатына аудару.
Мерекелік бағдарлама аясында мәдени-танымдық іс-шаралар, шығармашылық байқаулар мен түрлі ойын-сауық ұйымдастырылды. Белсенді қатысқан бүлдіршіндерге балмұздақ, сыйлықтар мен әуе шарлары тарту етілді.
Сонымен қатар «Балалық шақ мекені» акциясы аясында «Ауыл» партиясының дәстүрлі республикалық «Ауыл нақыштары» фотобайқауына қатысушылардың жұмыстары қойылған фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды.
«Ауыл» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Ұлан Абдыханов бұл бастаманың тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.
– «Ауыл» партиясы үшін отбасылық құндылықтар мен балалардың бақытты балалық шағы әрдайым басты назарда. Бұл акция әр баланың қоғамдағы орны маңызды екенін көрсетеді. Интерактивті байқаулар арқылы балалардың белсенділігін арттырып, таланттарын ашуға мүмкіндік береміз. Бүгінгі балалар – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – қоғам алдындағы ортақ міндет, – деді ол.
Ұйымдастырушылар мұндай жобалар отбасы институтын нығайтуға және әрбір баланың бақытты балалық шаққа құқығы бар екенін қоғамға кеңінен насихаттауға ықпал ететініне сенім білдірді.