Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 17 жастағы оқушы Әлихан Жәнібектің өліміне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы орындығында – марқұмды пышақтады деп айыпталған студент. Сотта ол қаза тапқан жасөспірімнің ата-анасынан кешірім сұрап, әрекетін қорғану мақсатында жасағанын айтқан, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы КТК арнасы жазды. Қанды оқиға биыл наурыз айының ортасында Шалқарда болған. Іс материалдары бойынша, жасөспірімдер екі топқа бөлініп, жаппай төбелескен. Бұл туралы Оралда оқып жүрген айыпталушы естіп, арнайы Шалқарға келген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзімен бірге аңшылық пышақ алып, досымен анасының көлігіне отырған. Жолда кездескен екі оқушыны ұстап, ұрып-соғып, болған жағдайды видеоға түсірген.
Кейін оларға араша түсуге 11-сынып оқушысы Әлихан Жәнібек келген. Сол кезде жасөспірім жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған. Ал айыпталушы оқиға орнынан қашып кеткен.
Белгілі болғандай, сотталушы бұған дейін де жауапкершілікке тартылған. Бір жыл бұрын ол адамды соққыға жыққаны үшін сотталған.
Сотта айыпталушы марқұмның ата-анасынан кешірім сұрап, Шалқарға қылмыс жасау мақсатында емес, өзін қорғау үшін келгенін алға тартты.
Алайда жәбірленуші тарап мұнымен келіспейді. Қаралы отбасы айыпталушыны кешірмейтінін мәлімдеп, оған қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр. Марқұмның туыстары қылмысқа өшпенділік себеп болды деп есептейді.
«Біздің баламыз қыршыннан қиылып отыр. Көретін қызығының бәрі алда еді», – деді марқұмның туысы Ағила Алиманова.
Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.