$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

ЖИ әлемді қалай өзгертіп жатыр: жаңа мүмкіндіктер мен технологиялық тартыстар

Редактор
23.11.2026, 10:55
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Жасанды интеллект әлемдік экономиканың бағытын өзгертіп, еңбек нарығына ықпал етіп, мемлекеттер арасындағы технологиялық бәсекені күшейтіп келеді. Бұрын бірнеше күнге созылатын жұмысты алгоритмдер санаулы минутта орындауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда бұл өзгерістер жаңа мәселелерді де күн тәртібіне шығарды. Миллиондаған адамның кәсіби болашағы не болмақ? Технологиялық даму елдер арасындағы теңсіздікті күшейте ме? Ал жасанды интеллектінің қауіпсіздігіне кім жауап береді? Bairaqmedia.kz халықаралық ұйымдардың ресми зерттеулері мен жетекші сарапшылардың тұжырымдары негізінде осы мәселелерді саралады.

Миллиардтаған инвестиция және технологиялық үстемдік үшін тартыс

Жасанды интеллект әлемдік экономиканың маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Стэнфорд университетінің 2026 жылғы AI Index есебіне сәйкес, 2025 жылы осы салаға бағытталған корпоративтік инвестиция көлемі 581,7 миллиард долларға жеткен. Бұл көрсеткішке жеке инвестициялармен қатар компанияларды біріктіру және сатып алу мәмілелері де кіреді. Зерттеуде сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы жасанды интеллектіні кемінде бір қызмет бағытында пайдаланатыны көрсетілген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 55 пайыз болған. Яғни технология тәжірибелік жобалар деңгейінен шығып, бизнестің күнделікті жұмысына кеңінен еніп жатыр. Әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсеке назар аудартады. Стэнфорд деректеріне сүйенсек, 2025 жылы АҚШ-та жасанды интеллект саласына салынған жеке инвестиция 285,9 миллиард долларды құраса, Қытайда бұл көрсеткіш 12,4 миллиард доллар болған. Алайда зерттеу авторлары Қытайдың мемлекеттік қорлар арқылы бағыттаған қаражаты аталған есепте толық қамтылмағанын ескертеді.

Бүгінде мемлекеттер қуатты есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруға, деректер орталықтарын дамытуға және білікті мамандар даярлауға басымдық беріп отыр. Өйткені алдағы технологиялық бәсекеде цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі маңызды рөл атқарады.

Дүниежүзілік банктің 2026 жылғы World Development Report баяндамасында жасанды интеллект дамушы мемлекеттердің экономикалық өсімін жеделдетуге мүмкіндік беретіні айтылған. Алайда технологияның игілігін көру үшін барлық елге бірдей аса қымбат инфрақұрылым салу міндетті емес. Дүниежүзілік банктің бас экономисі Индермит Гилл дамушы елдер жергілікті қажеттіліктерге бейімделген қолжетімді технологиялар арқылы медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарта алатынын атап көрсетеді.

Сонымен бірге халықаралық сарапшылар технологиялық мүмкіндіктердің санаулы мемлекет пен ірі компаниялардың қолында шоғырлануына назар аударады. Интернет, электр энергиясы, цифрлық деректер мен білікті кадрлар жеткіліксіз елдердің жаңа технологияларды игеруі қиындай түсуі мүмкін. Бұл жағдай жасанды интеллектінің экономикалық пайдасымен қатар технологиялық тәуелділік қаупін де күшейтеді.

Еңбек нарығындағы өзгеріс: қандай мамандықтарға қауіп төніп тұр?

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы миллиондаған адамның кәсіби болашағына қатысты сұрақ туғызды. Әсіресе кеңсе қызметкерлері, аудармашылар, бағдарламашылар, журналистер және ақпарат өңдеумен айналысатын мамандардың жұмыс мазмұны өзгеріп жатыр. Халықаралық еңбек ұйымының 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, әлемдегі әрбір төртінші қызметкер генеративті жасанды интеллект ықпал етуі мүмкін кәсіпте еңбек етеді. Зерттеу нәтижелері көптеген мамандықтың толық жойылуынан гөрі, олардың жекелеген міндеттері автоматтандырылуы ықтимал екенін көрсетеді. Мәселен, мәтін әзірлеу, құжаттарды жүйелеу, ақпаратты талдау және қайталанатын операцияларды орындау сияқты жұмыстарды алгоритмдер атқара алады.

Халықаралық еңбек ұйымының зерттеушілері Павел Гмырек пен Янин Берг қатысқан ғылыми жұмыстарда технологиялық өзгерістерді қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін ескере отырып басқарудың маңызы көрсетілген. Жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырғанымен, оның жұмыспен қамтуға, табысқа және еңбек жағдайына әсерін назардан тыс қалдыруға болмайды. 2026 жылғы халықаралық AI Safety Report баяндамасында еңбек нарығына қатысты зерттеулердің нәтижелері әркелкі екені айтылған. Кейбір зерттеулер жасанды интеллектінің жалпы жұмыспен қамтуға айтарлықтай әсерін анықтамаған. Ал басқалары технологияның ықпалы жоғары салаларда еңбек жолын енді бастаған қызметкерлердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі төмендегенін байқаған.

Дүниежүзілік банк дерегіне сәйкес, табысы жоғары мемлекеттердегі жұмыс орындарының 14,2 пайызы генеративті жасанды интеллект арқылы автоматтандыру қаупіне ұшырауы мүмкін. Ал табысы төмен және орташа елдерде бұл көрсеткіш 4,5 пайыз деп бағаланған. Сонымен қатар дамушы экономикалардағы жұмыс орындарының 16,2 пайызында аталған технология еңбек өнімділігін елеулі арттыруға мүмкіндік береді. Бұл деректер жасанды интеллектінің ықпалы барлық мемлекет пен мамандыққа бірдей болмайтынын көрсетеді. Сондықтан еңбек нарығындағы басты міндеттердің бірі – қызметкерлерді қайта даярлау, цифрлық сауаттылықты арттыру және білім беру жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу.

Технологиялық өзгерістердің тағы бір маңызды қыры – энергия тұтыну көлемінің артуы.

Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, әлемдегі деректер орталықтарының электр энергиясын тұтынуы 2025 жылғы 485 тераватт-сағаттан 2030 жылы шамамен 950 тераватт-сағатқа дейін өсуі мүмкін. Бұл – болжамды көрсеткіш. Оның орындалуы технологиялық даму қарқынына, есептеу жүйелерінің тиімділігіне және энергетикалық инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне байланысты. Жасанды интеллект өндірістегі энергия шығынын оңтайландыруға көмектескенімен, оны қамтамасыз ететін деректер орталықтарының өзі айтарлықтай электр қуатын қажет етеді. Сондықтан алдағы жылдары технологиялық даму мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері өзара тығыз байланыста қарастырылмақ.

Жасанды интеллектінің кеңінен қолданылуы ақпараттық кеңістікте де күрделі мәселелер туғызды. Шынайы бейне мен дауысты айнытпай қайталайтын технологиялар жалған ақпарат тарату мүмкіндігін арттырып отыр. Мұндай жағдайда азаматтардың жеке деректерін қорғау, ақпараттың түпнұсқалығын анықтау және автоматтандырылған шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету өзекті бола түсті.

Стэнфорд университетінің 2026 жылғы AI Index есебінде тіркелген жасанды интеллектіге қатысты оқиғалар саны 2024 жылғы 233-тен 2025 жылы 362-ге дейін өскені көрсетілген. Бұл көрсеткіш технологияның қауіпсіздігіне, теріс пайдаланылуына және жауапты қолданылуына байланысты тіркелген жағдайларды қамтиды. Халықаралық сарапшылар жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері кеңейген сайын оларды бақылау мен қауіпсіздігін бағалау тетіктерін де жетілдіру қажеттігін атап өтеді.

Әсіресе журналистика саласында бұл мәселенің маңызы зор. Жасанды интеллект ақпарат іздеуді, үлкен көлемдегі құжаттарды өңдеуді және деректерді салыстыруды жеңілдетеді. Алайда алгоритм жасаған мәтін немесе бейнематериал әрдайым шынайы бола бермейді. Сондықтан дереккөздерді тексеру мен редакциялық жауапкершілік бұрынғыдан да маңызды.

Жаһандық өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпейді.

2026 жылғы 18 қаңтарда елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, құжат технологияны пайдаланудың құқықтық негіздерін айқындап, адам құқықтары мен әл-ауқатының басымдығын бекітеді. Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасанды интеллект қосымшаларын әзірлеу мен пайдалануға арналған ST RK ISO/IEC 5339-2025 ұлттық стандарты қолданысқа енгізілді. Онда қауіп-қатерді басқару, қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және жүйелердің ашықтығына қатысты талаптар қарастырылған. Енді Қазақстан үшін қазақ тіліндегі сапалы цифрлық деректер қорын кеңейту, отандық технологиялық өнімдерді дамыту және жасанды интеллектіні экономиканың нақты салаларына енгізу маңызды. Әсіресе өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және мемлекеттік басқару бағыттарында жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану өзекті. Дүниежүзілік банктің зерттеуі көрсеткендей, дамушы мемлекеттердің технологиялық табысы тек қаржы көлеміне емес, инфрақұрылымның қолжетімділігіне, мамандардың біліктілігіне және жергілікті қажеттіліктерге бейімделген шешімдерге де байланысты. Сондықтан Қазақстан үшін негізгі мәселе жасанды интеллектіні өзгелерден бұрын енгізуде емес, оның нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижесін қамтамасыз етуде жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау