$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

«Үш перзентімізден айырылдық»: Сәкен Бибосынов көптен күткен қуанышын бөлісті

Редактор
23.11.2026, 11:46
видеодан алынған кадр
видеодан алынған кадр
Боксшы өмірден өткен үш перзентінің орны жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті

Қазақстандық танымал боксшы, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов әке атанды. Спортшы көптен күткен қуанышын әлеуметтік желіде бөлісіп, отбасымен бірге бастан өткерген ауыр сынақтары туралы жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Боксшының айтуынша, бұл қуанышқа жету оңай болмаған. Бұған дейін ерлі-зайыптылар үш перзентінен айырылған. Спортшы сол күндерді еске алып, үміт пен сабырдың арқасында бүгінгі бақытты сәтке жеткендерін жеткізді.

«Кейбір қуаныштың артында ешкім білмейтін қаншама көз жасы, үнсіз түндер мен дұғалар жатады екен. Бұл қуанышқа жеткенге дейін тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар», – деп жазды боксшы.

Сәкен Бибосынов жары екеуі қиын кезеңде үміттерін үзбей, перзент сүюді тілегенін айтты.

«Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей. Алланың қалауымен ұлды болдық! Бүгін құшағымыздағы кішкентай сәби – талай көз жастан кейінгі қуанышымыз, талай сынақтан кейінгі үмітіміз. Оның әрбір тынысы біз үшін баға жетпес бақыт», – деді спортшы.

Боксшы өмірден өткен үш перзентінің орны жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.

«Өмір деген осы шығар. Бір жағында қуаныш, бір жағында сағыныш. Бұл өмір – бір кем дүние», – деп жазды ол.

Сөз соңында спортшы сәби сүйгісі келіп жүрген барлық отбасына ақ тілегін арнап, әр шаңырақта бала күлкісі естілуін тіледі.