Маңғыстау облысында өткен жылы үш баласынан айырылған 51 жастағы әйел дүниеге қыз әкелді. Балалары иіс тиіп уланып, қайтыс болған. Арада бір жыл өткен соң отбасыға қайтадан сәби күлкісі оралды, деп хабарлады bairaqmedia.kz Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Мұнайлы ауданына қарасты Қаламқас тұрғын алабында болған. Көміртек тотығынан улану салдарынан әйелдің 1995 жылы туған үлкен қызы, 2009 жылы туған ұлы және 2012 жылы туған кіші қызы көз жұмған. Қайғылы жағдайдан кейін ерлі-зайыптыларға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасынан тегін өтуге сертификат берілген. Әйелдің айтуынша, балаларынан айырылған соң жолдасымен бірге қайтадан ата-ана болуға шешім қабылдаған. Күмісай Пәлекеева 51 жасында қайтадан ана атанатынына өзі де сенбегенін айтады.
«Үй іші бос қалған соң, ең болмағанда ЭКҰ арқылы бала көтеріп, дүниеге сәби әкелсем деп шештім. Қасымда сүйенішім, қамқорлығым болса, сол үшін өмір сүріп, алға ұмтылар едім», – дейді ол.
Қыз бала 17 қарашада кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Салмағы – 3400 грамм, бойы – 52 сантиметр. Дәрігерлердің мәліметінше, жүктілік кезеңі жеңіл өтіп, ана мен нәрестенің жағдайы жақсы. Сәбиге Ария есімі берілді. Есімді әкесі таңдаған.
Айта кетейік, ерлі-зайыптылар қыркүйек айында 13 жастағы баланы да асырап алған. Қазір отбасы жаңа туған қыздары мен асыранды ұлын тәрбиелеп отыр.