$ 455
€ 498.77
₽ 5.56

«Реал Мадрид» президенті Қайрат Боранбаевқа ерекше сыйлық жасады

Редактор
23.11.2026, 11:20
әлеуметтік желі
әлеуметтік желі
Қайрат Боранбаев Испания астанасына УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары ретінде жұмыс сапарымен барған

Алматылық «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Мадридте әйгілі «Реал Мадрид» клубының президенті Флорентино Переспен кездесті. Испаниялық клуб басшысы оған ерекше сыйлық тарту еткен, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы Қайрат Боранбаев өзінің Instagram парақшасында жазып, Флорентино Переспен бірге түскен суретін жариялады. Оның айтуынша, былтыр «Реал Мадрид» Чемпиондар лигасы аясында Алматыға келген кезде Флорентино Перес командамен бірге Қазақстанға ұша алмаған. Сондықтан бұл жолы ол Боранбаевты Мадридке арнайы қонаққа шақырған. Қайрат Боранбаев Испания астанасына УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары ретінде жұмыс сапарымен барған.

«Президентпен футбол туралы әңгімелестік, ол маған KAIRAT 1 деп жазылған футболка сыйлады. Мұнда кім бірінші нөмір екенін білмеймін: мен бе, әлде «Қайрат» футбол клубы ма? Менің ойымша, екінші нұсқа. Бірақ футболканы өзіме қалдырамын», – деп әзілдеді Боранбаев.

Сапар барысында ол «Реал Мадрид» пен «Сельта» арасындағы матчты да тамашалаған. Сондай-ақ клуб басшысы «Қайраттың» соңғы бір жылдағы жетістіктеріне тоқталып, команданың Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуын академия мен жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады.

Айта кетейік, 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Қайрат» пен «Реал Мадрид» Алматыда кездескен болатын. Ойын испаниялық клубтың 5:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.