Қазақстандағы ескі лифтілер мәселесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының шеңберінен шығып, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Өйткені жабдықтың техникалық ақауы тұрғындардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.
Сенаттың бұрынғы депутаты Бекбол Орынбасаровтың мәліметінше, елімізде пайдалану мерзімі аяқталған лифтілердің саны былтыр 7 мыңға жуықтаған. Лифтінің нормативтік қызмет ету мерзімі – 25 жыл. Бұл мерзімнен асқан жабдықтарды күтіп ұстау қиындай түседі. Әсіресе ескі үлгідегі лифтілерге қажетті қосалқы бөлшектерді табу күрделі мәселеге айналған. Алайда мәселе тек тозған жабдықтарды ауыстырумен шектелмейді. Лифтіні монтаждау, техникалық қызмет көрсету, қауіпсіздігін тексеру және жауапты ұйымдардың міндеттерін нақтылау да маңызды. Бекбол Орынбасаров материалдық-техникалық базасы жеткіліксіз кәсіпкерлердің лифт монтаждау және баптау жұмыстарына араласуын сынға алған. Оның көтерген мәселесі саладағы кәсіби талаптар мен бақылау тетіктерінің тиімділігіне қатысты еді.

Лифтінің қауіпсіздігіне кім жауап береді?
Қолданыстағы тәртіп бойынша лифтілердің қауіпсіз пайдаланылуын жергілікті атқарушы органдар мен тұрғын үй инспекциялары бақылайды. Ал өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын әзірлеу және аттестаттау рәсімдері Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне кіреді.
ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаевтың түсіндіруінше, көпқабатты тұрғын үйдегі лифтінің иесі – мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе пәтер иелерінің кооперативі (ПИК). Сондықтан жабдықтың жарамды күйде болуына меншік иесі жауап береді. «Мемлекеттік орган қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексереді. Ал техникалық куәландыру нақты лифтінің жағдайын және оны әрі қарай пайдалануға жарамдылығын бағалайды. Бір рәсімнің өткізілгені екіншісінің де орындалғанын білдірмейді», – дейді Рашид Дубаев.
Лифт саласында он жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы Данияр Идрис те техникалық қызмет көрсету мен куәландырудың екі бөлек рәсім екенін атап өтті. Оның айтуынша, техникалық қызмет көрсету тұрақты жүргізілуі тиіс. Ал куәландыру кезінде лифтінің тежегіші, көтергіш механизмдері, есіктері, басқару жүйесі және қауіпсіздік құрылғылары тексеріледі. Қолданыстағы қағидалар бойынша лифт жылына кемінде бір рет техникалық куәландырудан өтуі керек. Ал сервистік қызмет бүкіл пайдалану кезеңінде үздіксіз көрсетілуі қажет. Яғни, лифтінің жыл сайын тексеруден өтуі оның күнделікті қауіпсіз пайдаланылуына автоматты түрде кепіл бола алмайды. Мұнда қызмет көрсетуші ұйымның кәсібилігі мен жауапкершілігі шешуші рөл атқарады.
«Екі қызым лифтіде қамалып қалды»
Лифт қауіпсіздігі мәселесінің тұрғындарға қаншалықты әсер ететінін Астана тұрғыны Айнұр Анарбектің оқиғасынан байқауға болады. Оның айтуынша, өзі тұратын «Гранатный» тұрғын үйінде екі лифт бар. Бірі ескі болса, екіншісі былтыр жаңартылған. Алайда жаңадан орнатылған лифтінің өзі істен шығып, екі қызы кабина ішінде қамалып қалған.
«Екі қызым таңертең мектепке барады. Бір күні екеуі лифтіде қалды. Біз бұл жағдайды екі сағаттан кейін ғана білдік. Абырой болғанда, ішінде ересектер де болды. Әйтпесе, бастауыш сыныпта оқитын қыздарым үшін бұл үлкен психологиялық соққы болар еді. Содан бері лифтке мінуге қорқады», – дейді Айнұр Анарбек. Тұрғынның әңгімесі лифт қауіпсіздігінің тек жабдықтың жасына байланысты емес екенін көрсетеді. Жаңа лифтінің өзі дұрыс орнатылмаса, уақытылы тексерілмесе немесе техникалық қызмет сапасыз көрсетілсе, ақау туындауы мүмкін.
Бұл жағдай авариялық қызметтің жұмысына қатысты да сұрақтар туғызады. Лифт ішінде қалған адамдар диспетчермен жедел байланыса ала ма? Авариялық бригада шақыртуға қанша уақытта жетуі тиіс? Тұрғындарға көмек көрсету тәртібі қаншалықты тиімді ұйымдастырылған?Мұндай сұрақтардың жауабы тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігі үшін маңызды.
Лифт шаруашылығын жаңғыртуға не кедергі?
Сарапшылар көтерген мәселелер лифт шаруашылығын жаңғырту тек ескі жабдықтарды жаңасына ауыстырумен аяқталмуа керек. Ең алдымен, елдегі барлық лифтіні қамтитын бірыңғай электрондық тізілім қалыптастыру мәселесі өзекті. Онда әр жабдықтың орнатылған жылы, техникалық жағдайы, жөндеу тарихы, соңғы куәландыру мерзімі және қызмет көрсетуші ұйым туралы ақпарат қамтылуы қажет. Мұндай жүйе пайдалану мерзімі аяқталған және жиі істен шығатын лифтілерді анықтауға, олардың техникалық жағдайын бақылауға мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар сервистік компанияларға қойылатын кәсіби талаптарды күшейту маңызды. Лифтіні орнату, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары тиісті біліктілігі, мамандары мен материалдық-техникалық базасы бар ұйымдарға тапсырылуы тиіс.
Тағы бір мәселе – пайдалану мерзімі аяқталған лифтілерді кезең-кезеңімен ауыстыру. Ол үшін қаржыландыру тетіктері айқындалып, жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Авариялық қызметтің әрекет ету уақытын нақты белгілеу және әр лифт кабинасында диспетчермен жедел байланыс орнату да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.