Қазақстанда риелторлардың бір мәміле бойынша сатушы мен сатып алушыдан қатар комиссия талап ету мәселесі қайта көтерілді. Блогер Алмат Әбдіраман делдалдардың қызметін реттеп, олардың кәсіби жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Алмат Әбдіраман әлеуметтік желідегі жазбасында Алматыдан туысына пәтер іздеген кезде кездескен жағдайды баяндады. Оның айтуынша, кейбір риелторлар бір бөлмелі пәтерді көрсеткені үшін 500 мың теңге комиссия сұраған.
«Бір бөлмелі пәтердің есігін ашып көрсетемін. 500 мың теңге комиссия төлейсіз». Өткенде Алматыдан қайынәпкеме пәтер іздегенде, сондай риелторларға тап болдық. Сонда қай қызметке атасының құнын сұрайды?» – деп жазды блогер.
Оның сөзінше, олар риелторлардың қызметінен бас тартып, пәтерді тікелей иесінен сатып алған. Осы жағдайдан кейін блогер делдалдардың комиссиясы мен көрсететін қызметінің сапасына қатысты мәселені көтерген.
Алмат Әбдіраман риелторлардың еңбегі бағалануы тиіс екенін, алайда комиссия нақты атқарылған жұмысқа сәйкес белгіленуі қажет екенін атап өтті. Ол АҚШ-тың Виржиния штатында тұрған кездегі тәжірибесін мысалға келтіріп, риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны және қызмет ақысын кім төлейтіні алдын ала келісімшартта айқындалуы керектігін айтты.
«Бір мәміледе сатушымен қоса, сатып алушыдан да комиссия талап ету қаншалықты қисынды? Бір маман екі тарапқа бірдей қызмет көрсетіп отыр ма әлде біреуінің мүддесін қорғап, екіншісінен де ақша алып отыр ма? Мұндайда мүдделер қақтығысы туындайтыны анық», – деді Алмат Әбдіраман.
Блогер Қазақстанда риелторлық қызметке арналған ұлттық стандарт болғанымен, оның жалпы жағдайда ерікті түрде қолданылатынына назар аударды. Сондықтан саладағы талаптарды күшейтіп, олардың орындалуын қадағалайтын жүйе қалыптастыру қажет деп есептейді.
Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігі риелторлық қызметке бірыңғай талаптар енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Ұсыныстардың бірі – қызметке тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу. Сондай-ақ келісімшартта қызмет құны, комиссия мөлшері мен төлеу тәртібін нақты көрсету көзделген.
Алмат Әбдіраман риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізімін құруды, қызмет көрсетуге арналған үлгілік шарт енгізуді және мамандардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.
«Қазір риелторлар комиссияға келгенде, қанша алу керегін жақсы біледі. Енді сол комиссияның есебінен қандай жауапкершілік арқалайтынын да білетін уақыт келді», – деп жазды ол.
Блогердің пікірінше, баспана сатып алу көптеген азамат үшін өмірдегі ең маңызды қаржылық шешімдердің бірі болғандықтан, делдалдардың қызметі ашық әрі түсінікті болуы тиіс.
«Риелтор делдалдықты кәсіп етсе, кәсібилігіне сай жауапкершілік жүгін көтеруге тиіс. Комиссия алудың жолы бар. Сол ақының сұрауы да болуы керек!» – деп түйіндеді Алмат Әбдіраман.