$ 448.72
€ 493.86
₽ 5.49

Геосаяси текетірес: Қазақстанның бітімгерлік ұстанымы

Редактор
20.11.2026, 14:00
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
Біріккен Ұлттар Ұйымы – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған халықаралық қауіпсіздік институты. Мақсаты – соғыстың алдын алу және дауларды бейбіт шешу. Бүгінде геосаяси бәсеке күшейіп, қақтығыстар көбейді. Халықаралық құқыққа деген сенім де әлсіреді. Сондықтан БҰҰ-ны реформалау қажеттігі артып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйым мінберіндегі бейбітшілік бастамалары да жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

БҰҰ-ны реформалау – уақыт талабы

Мемлекет басшысы халықаралық ұйымның қазіргі жағдайына қатысты сыни көзқарасын бірнеше рет білдіргені белгілі. Мәселен, өткен жылы 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұйымды кешенді реформалау қажеттігін көтерді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымын жан-жақты реформалау – ұзаққа созылған талқылаудың тақырыбы емес, стратегиялық қажеттілік», – деп мәлімдеді Президент. Тоқаевтың пікірінше, Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі құрамы әлемдегі күштер арақатынасын толық көрсетпейді. Азия, Африка және Латын Америкасы мемлекеттерінің өкілдігі кеңеюі керек. Сонымен бірге жауапты орта державалардың да дауысы күшейтілуі қажет.

Бұл ұсыныстың астарында маңызды геосаяси мәселе жатыр. БҰҰ құрылған кезеңдегі әлем мен қазіргі халықаралық жүйенің арасында үлкен айырмашылық бар. Жаһандық экономиканың, демографиялық өсімнің және халықаралық сауданың маңызды бөлігі дамушы мемлекеттерге тиесілі. Алайда олардың әлемдік шешімдер қабылдаудағы мүмкіндігі әлі де шектеулі.

Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты бес мемлекеттің вето құқығы да осы қайшылықты айқын көрсетеді. Ірі державалардың мүдделері тоғысқан жағдайда маңызды шешімдер қабылдау қиындайды. Соның салдарынан ұйым кейбір халықаралық дағдарыстарға дер кезінде әрі тиімді жауап бере алмай отыр.

Америкалық конституциялық құқық және ұлттық қауіпсіздік саласының сарапшысы, заңгер Оона Хэтэуэйдің талдаулары да БҰҰ реформасының қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Оның пайымдауынша, ұйымның қазіргі құрылымы ірі державалардың мүдделерімен тығыз байланысты. Әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты мүшелердің вето құқығы маңызды шешімдердің қабылдануына кедергі келтіреді. Сондықтан ұйымды жаңғырту тек құрылымдық өзгерістермен шектелмеуі керек. Ең бастысы, мемлекеттер арасында ортақ саяси келісім қалыптастыру қажет. Яғни, БҰҰ-ны жаңғырту – басқару тетіктерін жетілдірумен қоса, халықаралық қатынастар жүйесін бүгінгі геосаяси шындыққа бейімдеу мәселесі.

Орта державалардың жауапкершілігі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мінберіндегі сөздерінен байқалатын тағы бір маңызды бағыт – орта державалардың халықаралық саясаттағы рөлін арттыру. Дәстүрлі геосаяси бәсекеде әлемдік күн тәртібін көбіне ірі державалар айқындап келді. Алайда халықаралық тұрақтылықты сақтау тек олардың өзара келісіміне тәуелді болмауы керек. Себебі ірі мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейген сайын, халықаралық мәселелерді шешудің балама дипломатиялық арналарына сұраныс артады. Расында, орта державалар ірі саяси орталықтар арасындағы диалогты жалғастырып, сенім қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар халықаралық ұйымдарда қарама-қарсы тараптарды жақындастыратын көпір қызметін атқара алады.

Бұл ойды Гарвард университетінің Дэвис орталығындағы Орталық Азия бағдарламасының директоры, зерттеуші Наргис Касенова да қуаттайды. Оның талдауынша, Қазақстан Еуразияның маңызды географиялық торабында орналасуын, көпжақты дипломатияны және ірі державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған саясатын халықаралық ықпалын арттыру құралы ретінде пайдалана алады. Бірақ орта держава болу тек географиялық орналасумен өлшенбейді. Оның басты өлшемдері – саяси дербестік, экономикалық әлеует, дипломатиялық икемділік және халықаралық жауапкершілік. Мұндай мемлекеттер өз мүддесін қорғаумен қатар, ортақ мәселелерді шешуге де үлес қосуы тиіс.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те халықаралық ынтымақтастықтың маңызын үнемі атап келеді. Ол 2025 жылы Бас Ассамблеяның 80-сессиясының ашылуында әлемнің көпполярлы сипатқа ие болып келе жатқанын, бірақ тиімді көпжақты институттар болмаса, мұның хаосқа ұласуы мүмкін екенін ескертті. Шыны керек, орта державалардың ықпалы халықаралық дағдарыс кезінде ерекше байқалады. Ірі державалар арасындағы қайшылық тереңдеген сайын, келіссөзге дайын, теңгерімді ұстанымдағы мемлекеттердің маңызы артады.

Бұл ретте Қазақстанмен қатар Түркия, Үндістан, Бразилия секілді елдердің де халықаралық саясаттағы салмағы артып келеді. Олардың әрқайсысы өз аймағында ықпалды ойыншы бола отырып, жаһандық мәселелерді шешуге қатысып, халықаралық диалогты дамытуға үлес қосуда. Бұл – бүгінгі геосаяси ахуалдың басты қайшылықтарының бірі. Әлемде ықпал орталықтары көбейіп келеді. Бірақ олардың арасындағы өзара сенім мен келісім тетіктері дәл сондай қарқынмен дамып жатқан жоқ. Сондықтан орта державалардың міндеті – жаңа күш орталықтарын қалыптастыру емес, олардың арасындағы байланысты нығайту.

Қазақстанның бітімгерлік тәжірибесі

Қазақстанның бітімгерлік саясаты сөз жүзіндегі бастамалармен де шектелмейді. 2024 жылы еліміз БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына 139 әскери қызметшіден тұратын дербес ұлттық контингент жіберді. Бұл – Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей қатысуындағы маңызды кезең. Бітімгерлердің міндеті – атысты тоқтату режимін бақылау және миссияның бейбітшілік орнатуға бағытталған жұмысына үлес қосу.

Бұған дейін қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық миссияларға басқа мемлекеттердің құрамында қатысып келген еді. Сондықтан дербес ұлттық контингент жіберу еліміздің бітімгерлік әлеуетін жаңа деңгейге көтерген маңызды қадам болды. Мұның саяси маңызы да бар. Өйткені халықаралық қауіпсіздік туралы бастама көтеру бір бөлек те, оны қамтамасыз етуге тікелей қатысу бір бөлек. Қазақстан осы екі бағытты ұштастыруға күш салып отыр. Бір жағынан, дипломатиялық алаңда бейбітшілік пен диалогты қолдайды. Екінші жағынан, бітімгерлік миссияларға қатысу арқылы халықаралық міндеттемелерін іс жүзінде орындайды.

Бүгінде әлемдік тәртіптің болашағы туралы пікірталас күшейді. Бірполярлы жүйе әлсіреп, бірнеше ықпал орталығы қалыптасып келеді. Бірақ көпполярлы әлем өздігінен әділетті әрі қауіпсіз бола алмайды. Егер мемлекеттер арасындағы бәсеке ортақ ережелермен реттелмесе, күш орталықтарының көбеюі жаңа қайшылықтарға жол ашуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау