Шымкентте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты департаменттің бұрынғы басшысы Руслан Тұңғышбаев төтенше жағдайлар қызметкеріне 100 мың теңге пара бергені үшін сотталды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы мамырда Тұран ауданының төтенше жағдайлар басқармасы Тұңғышбаев басқарған Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне тексеру жүргізген. Тексеру барысында бас маман Азамат Бұлдырықов өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс талаптарына қатысты 23 заңбұзушылық анықтаған. Алайда департамент басшысы заңбұзушылықтар санын азайтуды сұраған.
Нәтижесінде 3 маусымда тексеру актісіне 23 заңбұзушылықтың тек 16-сы енгізілген. Ал келесі күні Тұңғышбаев қызметкерді кабинетіне шақырып, тексеру нәтижесін өзгерткені үшін 100 мың теңге берген. 9 маусымда Азамат Бұлдырықов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне өз еркімен барып, болған жағдай туралы арыз жазған. Сотта екі айыпталушы да кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетінін білдірген.
Сот шешімі бойынша Руслан Тұңғышбаевқа 1 197 250 теңге, ал Азамат Бұлдырықовқа 2,5 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ Бұлдырықов азаматтық қорғау майоры атағынан айырылды. Екі сотталушыға да мемлекеттік қызметте және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік ұйымдарда белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Пара ретінде берілген 100 мың теңге мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұдан бөлек, сотталғандардан жәбірленушілерге өтемақы қорына жалпы 151 375 теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген.